Қазақстанға ешкімге жалтақтамай, өз жолын айқындайтын, транзиттік бағыттардың субъектісіне айналатын уақыт келді. Мұндай пікірді саясаттанушы Уәлихан Төлешов айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Қазір әлемде тектонополия процесі жүріп жатыр. Ұлттық және өркениеттік құрылымдардың қайта бөліске түсіп, нақты күштердің өз ықпалдарын бекемдеп жатыр. Мұндай заманда тәуелсіздік дегеніміз жай ғана декларация емес, ол энергетикалық, логистикалық және санкциялық режимдерді бақылау қабілеті. Мен оны «инфрақұрылымдық егемендік» деп атаймын. Бірақ бір нәрсені ескерген жөн өзің салмаған, өзің жасамаған транзиттік бағыттарды бақылау мүмкін емес, – дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, Қазақстан мұнай-газ және транскаспийлік тасымал бағыттарын өзі жобалап, өзі салып, өзі басқаруы тиіс.
– Құбыр мен терминалдан бастап, порт пен келісімшартқа дейін бәрін өзіміз бақылауымыз қажет. Тіпті оңтүстік бағыттағы трансауған дәлізі де осы қағидамен жасалуы керек. Сонда ғана біз толыққанды тәуелсіздігімізді қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті Уәлихан Төлешов.
Төлешовтың пікірінше, транскаспий және басқа да бағыттарды біреудің берген «баламасы» деп қарамау керек.
– Біздің өз таңдауымыз, өз шешіміміз, өз ережемізбен құрылған тәуелсіздік инфрақұрылымы болуы тиіс. Кім тасымал бағыттарын өз қолымен жасаса, сол санкциялық режимдерді бақылап, болашағы мен беделін қорғайды.
Қазір әлемде орташа аймақ деген ұғым жоқ. Немесе сен транзиттік бағыттарды құрасың, немесе басқа біреулер үшін тек қызмет көрсететін аумаққа айналасың. Қазақстан қызмет көрсететін емес, осы бағыттардың сәулетшісі болатын уақытқа келді. Тарихтың субъектісі болу үшін, транскаспийлік бағыттардың субъектісі болу қажет, – деді саясаттанушы.
Білікті саясаттанушы осыған дейін сайтымызға «Қазір Еуропалық әскери-өнеркәсіптік кешен АҚШ-тың кіші серіктесі немесе ұялшақ пацифист ретінде емес, жеке-дара қуатты индустриалды күш ретінде оянуда» деп өз пайымын айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

