Кабинетте шатақ шығарған Қарағанды спортының шенділері Серік Сәпиев пен Дәурен Есімханов өз еркімен қызметтен кетті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, түнеукүнгі жанжалдан кейін облыстық спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз еркімен арыз жазып, кабинетін босатқан.
21 қаңтар күні Қарағанды спортының шенділері Серік Сәпиев пен Дәурен Есімхановтың арасында жанжал шыққан. Кейін әлемжеліде оқиғаның видеосы тарап, жағдай тіпті ушыққан.
Сәпиев не деп еді?
Артынша осыған қатысты мәлімдеме жасаған Сәпиев даудың қалқасында тұрған ықпалды тұлғаларды әшкерелеген болатын. Айтуынша, біреулер оның сыртынан маңызды құжатқа қол қоюға тырысқан.
«Өңірдегі кейбір ықпалды азаматтар менің сыртымнан спорт мекемелерінің басшыларын заңсыз ауыстырмақ болды. Мұны дер кезінде байқап қалып, мәселені бейбіт жолмен шешуге тырыстым», – деген еді Сәпиев.
Әдеп кодексін кім бұзды?
Осыдан кейін мәселеге Мемлекеттік қызмет істері араласып, оғаш оқиғаға Серік Сәпиевті кінәлі деп таныған. Құжатта басқарма басшысының мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің 6-бабының 5-тармақшасын, сондай-ақ 8-баптың 1) және 7) тармақшаларын бұзғаны жазылған.
Сәпиев меморганның беделіне нұқсан келтірген, ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуал қалыптастырмаған және әріптесіне дөрекілік танытып, әдепсіздік жасаған деп айыпталған.
Осылайша біразға созылған текетірестің соңы қызметтен кетумен аяқталды. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен Азия және әлем чемпионатының жүлдегері Дәурен Есімханов креслосын босатты. Олардың орнын кім басары әзірге белгісіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

