2023-2025 жылдар аралығында Алматы облысында автобус паркінің жартысына жуығы жаңартылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Үш жыл ішінде өңірдегі 240 автобустың 113-і ауыстырылып, парктің 47%-ын жаңа техника құрады. Тек 2025 жылдың өзінде ғана облыс маршруттарына 36 жаңа автобус шықты. Бұл қадамдар бірнеше жылдан бері қордаланған қоғамдық көлік мәселесін шешуге бағытталған жұмыстардың бір бөлігі.
Автобус паркін жоспарлы жаңарту басталғанға дейін өңірдегі қоғамдық көліктің тозуы мен қолжетімділік мәселесі өзекті еді. Мысалы, 2023 жылға дейін соңғы рет автобус паркі 2018 жылы ғана жаңартылып, оның өзі Қонаев қаласында небәрі 11 автобуспен шектелген болатын. Әсіресе ауданаралық маршруттар мен шалғай ауылдарда көлік қатынасы қиындық тудырып, тұрғындар үшін қоғамдық көлік жалғыз қатынас құралына айналған еді.
Осыған байланысты 2023 жылдан бастап облыста автобус паркін кезең-кезеңімен жаңартудың тұрақты механизмі қалыптасты. Атап айтқанда, 2023 жылы тасымалдаушылар өз қаражатына 33 автобус сатып алса, 2024 жылы тағы 44 автобус жаңартылды.
Оның 27-сі жеңілдетілген лизинг бағдарламасымен алынған. 2025 жылы жаңартылған 36 автобустың барлығы да осы жеңілдетілген қаржылық құрал арқылы сатып алынды. Бұл тәсіл бір реттік сатып алулардан тұрақты жаңарту тәжірибесіне көшуге мүмкіндік берді.
Жаңа автобустардың арқасында маршруттардағы іркілістер азайып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігі артты. Сонымен қатар, елді мекендер арасындағы көлік қатынасының тұрақтылығы да жақсарды.
Бұл бағыттағы жұмыс алдағы жылы да жалғасады. Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2026 жылы тағы 31 автобус жаңарту жоспарланып отыр. Оның 11-і осы жылдың қаңтар айында-ақ сатып алынды.
Жоспар бойынша әлеуметтік жүктемесі жоғары маршруттар мен бұрын көлік қолжетімділігі бойынша қиындықтар байқалған бағыттарға басымдық беріледі. Басты мақсат – тозығы жеткен автобус санын кезең-кезеңімен азайтып, өңірдегі жолаушылар тасымалы жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.
Автобус паркін жаңарту – Алматы облысы тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді шаралардың бірі.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен өңір активінің отырысында еліміздің жаңа Конституция жобасы жан-жақты талқыланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

