Қазақтар енді телефон нөмірі немесе QR-код арқылы ақша аудара алады. Ұлттық банк елде мобильді төлемдер мен аударымдарға арналған жаңа банк аралық жүйенің негізін қалады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа жүйенің ең үлкен артықшылығы банк клиенттері бір-біріне қаражат жіберу үшін енді карта нөмірі мен ұзын-сонар реквизит іздеп отырмайды. Ақша аудару үшін алушының телефон нөмірін білу жеткілікті.
Төлем бірден, бірнеше секундтың ішінде басқа банктегі есепшотқа түседі.
Кәсіпкерлер үшін де тиімді шешім бар. QR-код арқылы төлем қабылдайтын бизнес иелеріне енді бірнеше банктің POS-терминалын қатар орнатып қоюдың қажеті болмайды. Клиент смартфонындағы қосымша арқылы бір ғана QR-кодты сканерлеп, өзіне ыңғайлы банктен бірден төлем жасайды.
Ұлттық банк жүйенің жұмыс тәртібін, оған қатысатын банктердің ақпарат алмасу және өзара әрекеттесу шарттарын нақтылап, арнайы құқықтық құжат әзірледі.
2026 жылдың басында елдегі 22 банктің алтауы (Отбасы банкін қоспағанда) осы жүйеге ресми түрде қосылды. Ұлттық банк қалған банктердің жыл соңына дейін толық қосылуын жоспарлап отыр.
Бастама елімізде цифрлық төлемдерді дамыту жолындағы маңызды қадам. Халық үшін қаржылық операциялар бұрынғыдан да жылдам, қауіпсіз әрі ыңғайлы болады.
Айтқандай, кәсіпкерлер үшін де жақсы жаңалық бар. Бұдан былай бизнес өкілдері салық қарызын кепілсіз-ақ кейінге қалдырып немесе бөліп төлей алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

