Жаңа Конституция жобасындағы 18-бапты нақтылау қажет. Бұл туралы Конституциялық комиссияның VIII отырысында ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Конституция жобасының 18-бабына қатысты заңгерлер мен сарапшылардан бірнеше ұсыныс түскен.
– Осы баптың 2-тармағында: «Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды» деп жазылған. Бұл тұжырым жалпы алғанда дұрыс. Алайда оның орыс тіліндегі нұсқасында «мерзімнен артық ұстау» деген шешуші сөз тіркесі түсіп қалған, – деді Жандос Өмірәлиев.
Оның пікірінше, бұл кейбір мамандардың «сот шешімінсіз күдіктіні ұстауға мүлдем болмайды» деген түсінігіне әкелуі мүмкін.
– Мәтінге зер салып қарасақ, шынымен де солай ойлауға негіз бар. Алайда кісі өлтіру немесе басқа да ауыр қылмыстар бойынша дереу шара қолдану маңызды. Күдіктіні ұстау, оқшаулау құқық қорғау органдарының ең басты міндеттерінің бірі. Күдіктіні ұстап болған соң ғана сот күзетпен ұстау туралы шешім қабылдайды. Бұл халықаралық тәжірибеде де солай жүзеге асады.
Сондықтан Конституцияның әрбір нормасы анық әрі бір мағыналы болуы тиіс. Осы бапты заң техникасы жағынан қайта қарап, нақтылауды ұсынамын, – деді Бас прокурордың бірінші орынбасары.
Тілшілеріміз Түркияның Оңтүстік Кавказды толық бақылауға алып, Каспий теңізіндегі маңызды энергетикалық ресурстарға ие болғанын талдап жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

