Түркия авиациялық саладағы технологиялық тәуелсіздікке ерекше көңіл бөлуде. Әсіресе әскери авиацияға қажетті қозғалтқыштар мен қосалқы қуат жүйелерін дамытуға басымдық берілген, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ресми Анкараның осы бағыттағы жұмыстар Түркияның сыртқы тәуелділіктен арылуға және жаһандық геосаяси жағдайда тәуелсіз әскери шешімдер қабылдау қабілетін күшейтуге бағытталған.
Осы саладағы басты орталықтардың бірі TRMOTOR компаниясы. Кәсіпорын әскери авиация платформаларына арналған ұлттық газ-турбиналық қозғалтқыштар мен қуат қондырғыларын жобалаумен айналысады. TRMOTOR ұстанған стратегиялық бағыт сыртқы көздерге тәуелділікті жойып, отандық технологияларды дамыту және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болу.
TRMOTOR әскери тәуелсіздікті нығайтады
2017-2021 жылдары TRMOTOR ұлттық энергетикалық жүйелер саласындағы зерттеу және конструкторлық жұмыстарды күшейтті. 2021 жылдан бастап компания 5-ші буын KAAN ұлттық жойғыш ұшағы үшін аса маңызды қосалқы қуат қондырғысын (APU) және әуе турбиналық стартерін (ATS) жобалауды қолға алды.
KAAN ұшағы Түркияның әуе күштерінің стратегиялық әлеуетін арттыратын жаңа буын әскери платформа. Бұл жоба Түркияның НАТО аясында да, одан тыс әскери қақтығыстар мен гибридтік қауіп-қатерлер жағдайында да тәуелсіз шешім қабылдау мүмкіндігін арттырады.
2022 жылы TRMOTOR KAAN ұшағының басты қозғалтқышының концептуалды жобасын әзірлеуге кірісті. Ал 2024 жылы TF35000 қозғалтқышын жасау үшін TEI компаниясымен келісім жасады. Осы қозғалтқыш KAAN ұшағының негізгі технологиялық компоненті ретінде қарастырылады.
2025 жылы TRMOTOR компаниясы қосалқы қуат қондырғылары (APU) бойынша маңызды технологиялық кезеңдерді аяқтап, 2026 жылы тұңғыш отандық APU-60 жүйесін KAAN ұшағына интеграциялауды жоспарлап отыр.
Ұшақтың негізгі қозғалтқыштарын іске қосар алдында авиациялық жүйелер мен климаттық бақылау жабдықтарын энергиямен қамтамасыз етеді. Мұндай технология Түркияның әскери-әуе күштеріне операциялық икемділік беріп, әуе базаларындағы дайындық уақытын қысқартады.
Сонымен қатар, TRMOTOR компаниясы APU-40 қуат қондырғысын да әзірлеуде. Бұл модель тікұшақтар мен басқа әскери платформаларға арналған және 2026 жылдың басында сынақтан өтеді деп күтілуде.
Әскери-саяси тұрғыдан алғанда, бұл жобалардың маңызы жоғары. Түркия НАТО құрамындағы ел болғанымен, әскери техниканы импорттау кезінде Батыс елдеріне тәуелді. Бұл тәуелділік саяси-стратегиялық тәуекелдер туындатады.
Гибридтік соғыс
Әсіресе соңғы жылдардағы Ресей-Украина соғысы, АҚШ пен НАТО арасындағы кейбір саяси келіспеушіліктер Түркияның өз әскери өндірісін дамыту қажеттілігін айқын көрсетті. Сондықтан TRMOTOR сияқты отандық компаниялардың жобалары – тек экономикалық қана емес, ұлттық қауіпсіздік пен әскери дербестікті қамтамасыз ету мәселесі.
Компания басшысы Осман Саим Динч осы бағытты «елдің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі үшін өмірлік маңызы бар мәселе» деп атап өтті. Яғни Түркия қозғалтқыш технологияларын дамыту арқылы сыртқы қысым мен санкцияларға төтеп беретін стратегиялық құралға ие болады.
Қорыта айтқанда, TRMOTOR компаниясының технологиялық жетістіктері Түркияның әскери қуатын арттырып, жаһандық саясаттағы рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе қазіргі геосаяси жағдайда мұндай технологиялық тәуелсіздік әскери-саяси маневр жасау еркіндігін кеңейтіп, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтады.
Тілшілеріміз Түркияның Оңтүстік Кавказды толық бақылауға алып, Каспий теңізіндегі маңызды энергетикалық ресурстарға ие болғанын талдап жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

