«Лондон банкі» және есепшоттағы 20 миллион доллар. Петропавлдық зейнеткер интернеттегі инвестициялық алаяқтардың құрығына түсіп қалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, қылмыстық істі Қосшы қаласының тәртіп сақшылары тергеп жатыр.
Оқиға былай болған…
Петропавлда тұратын зейнеткер әйел былтыр ақпан айында интернетте «тез әрі оңай табысқа жетесің» деген жарнаманы көріп, сеніп қалады. Сол мезеттен бастап белгісіз алаяқтар әйелге хабарласып, оны инвестициялық жобаға қаржы салуға үгіттеген.
Олардың нұсқауымен зейнеткер бірнеше транзакция арқылы жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам ақшаны аударған.
Бірнеше ай бойы алаяқтар әйелдің сеніміне кіру үшін үзбей байланысып, оның «инвестициясының» сәтті әрі табысты екенін дәлелдеумен болған.
Олар әйелге жалған жеке кабинетін ашып, салған ақшасы «20 миллион долларға дейін өсті» деген жалған скриншоттарды көрсеткен.
Бірақ, бір гәп бар…
Алайда зейнеткер ақшасын шешіп алмақ болғанда, алаяқтар түрлі сылтау айтып, қосымша ақша талап ете бастаған. Әуелі комиссияны төлеу керек деген, кейін салық және шотты белсендіру үшін тағы аударымдар жасауын сұраған. Әйел платформадағы «қауіпсіздік қызметіне» жүгінген кезде, олар ақшаны «Лондон банкі» бұғаттап тастаған деп сендірген.
Осыдан кейін ғана зейнеткер алаяқтардың торына түсіп қалғанын түсінген. Бірақ полицияға бір жыл өткен соң ғана жүгініп отыр. Қазір тәртіп сақшылары әйелдің ұсынған хат-хабарлары мен жалған инвестициялық кабинеттің скриншоттарын тексеріп, ақшаның кімдердің қолына түскенін анықтауда.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Полиция зардап шегушілерді сақтық танытуға шақырып, мұндай «оңай ақша» жарнамаларының арбауына түспеуді ескертеді.
Бұған дейін Алматыда қазақтарды телефон арқылы алдаған шетелдік алаяқтардың ірі call-орталығы анықталған болатын. Қоңырау шалған алаяқтар өздерін түрлі қаржы мекемелерінің өкілі ретінде таныстырып, жұртты жаппай алдап, ақшаларын жымқырып отырған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

