Пәкістан астанасы Исламабад қаласындағы Каид-и Азам университетінде Әл-Фараби орталығы ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталықтың ашылу рәсіміне ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Пәкістанның білім беру және кәсіптік даярлау министрі Халид Мабул Сиддики, Каид-и Азам университетінің ректоры, профессор Ниаз Ахмед және ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев қатысты.
ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Әл-Фараби орталығының құрылуын Қазақстанның ғылыми-білім беру саласын халықаралық деңгейде ілгерілету жолындағы маңызды қадам деп атады. Оның айтуынша, Әл-Фараби – Шығыс пен Батысты тоғыстырған ұлы ойшыл. Енді ғұламаның атымен аталатын орталық еліміздің зияткерлік әлеуетін танытып, қос мемлекеттің мәдени және академиялық байланыстарын нығайтуға үлес қоспақ. Қазақстан тарапы осы бағытта қазақ тілін, ғылымын және мәдениетін халықаралық деңгейде жүйелі насихаттауды көздеп отыр.
Пәкістанның білім беру және кәсіптік даярлау министрі Халид Мабул Сиддики өз кезегінде екі елдің жоғары білім және ғылым саласындағы әріптестігін жоғары бағалап, бұл ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.
Жансейіт Түймебаев орталықтың ашылуын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға ресми сапары барысында қол жеткізілген нақты келісімдердің нәтижесі деп атап өтті. Оның айтуынша, 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құрылған ғылыми-зерттеу орталығы отыз жылдан астам уақыттан бері фарабитану ғылымының дамуына, қазақ және шығыс философиясын жаһанға танытуға елеулі үлес қосып келеді. Осы игі дәстүр енді Пәкістанда жалғасын тауып отыр. ҚазҰУ орталықтың материалдық-техникалық базасын толық жабдықтап, заманауи оқу аудиторияларын, компьютерлік және кеңсе бөлмелерін жасақтаған.
Каид-и Азам университетінің ректоры Ниаз Ахмед орталықтың толыққанды әрі тиімді жұмыс істеуі үшін университет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Контекст
Әл-Фараби орталығы Қазақстанның рухани-мәдени мұрасын әлемдік деңгейде насихаттап, қазақ тілінің халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға басымдық бермек. Орталықта шетелдік азаматтарға арналған қазақ тілі курстары ұйымдастырылады, сондай-ақ Қазақстанның бай мәдениеті мен тарихын зерделейтін ғылыми конференциялар мен семинарлар өтеді. Бұдан бөлек, орталық серіктес елдердегі жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтып, халықаралық академиялық байланыстарды дамытуға атсалысатын болады.
Айтқандай, Shell компаниясының бас директоры Ваэль Саван Қазақстандағы жаңа инвестицияларды уақытша тоқтататынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

