Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен жаңа Конституция жобасының негізгі мазмұнын талқылауға арналған ауқымды жиын өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шараға Сенат депутаттарымен қатар, сарапшылар қауымдастығы, ғылыми-талдау орталықтары мен салалық институттардың өкілдері, сондай-ақ Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Taldau Community мүшелері қатысты.
Жиынды ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы қолға алған саяси реформалардың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы – қоғамдағы саяси жаңғыруға деген нақты сұраныстың нәтижесі.
– Конституциялық реформа Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі саяси жүйені терең әрі жүйелі жаңғыртуға бағытталған бастамаларының логикалық жалғасы. Жаңа Конституцияның негізі заң мен тәртіпке, азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне, экологиялық жауапкершілік пен орнықты дамуға бағытталған. Мұның бәрі нақты конституциялық нормалар арқылы Әділетті Қазақстан идеясын іске асыруға мүмкіндік береді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы Конституцияның жаңа жобасы еліміздің даму бағытын түбегейлі жаңартып, мемлекеттіліктің жаңа кезеңін қалыптастыратын тарихи мәні зор құжат екенін де атап өтті. Мәулен Әшімбаев құжатты қоғамдық талқылау процесі өте кең ауқымда әрі жариялы түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Конституциялық комиссияның жұмысы ашық форматта өтуде. Комиссия отырыстары тікелей эфирде көрсетіледі. Азаматтардан сан алуан ұсыныстар келіп жатыр. Жаңа Конституцияның жобасы осындай ауқымды қоғамдық талқылаулар негізінде әзірленуде. Бүгінгі жиын да сол үлкен қоғамдық диалогтың маңызды бір бөлігі. Ендігі міндет – Конституцияда бекітілген құндылықтарды заңнама мен құқықтық тәжірибеге нақты енгізу», – деді Мәулен Әшімбаев.
Жиын барысында Парламент Сенаты Төрағасының орынбасарлары, Конституциялық реформа комиссиясының мүшелері Жақып Асанов пен Ольга Перепечина, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров өз ойларын ортаға салды.
Бұған қоса, «AMANAT» қоғамдық саясат институтының басшысы Мәдина Нұрғалиева, Қазақстандық қоғамдық даму институтының төрайымы Жұлдызай Ысқақова, Ұлттық энергия үнемдеу орталығының басшысы Елдос Абақанов және білім беру саласының сарапшысы Мәдина Тыныбаева да жаңа Ата Заң жобасы туралы пікір білдірді.
Жиын қорытындысында сарапшылар мен қатысушылар конституциялық реформаның табысты болуы үшін оны сапалы сараптамамен сүйемелдеудің маңызын атап, сындарлы диалогты жалғастыруға ниетті екендерін жеткізді.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов тілге байланысты баптың жаңа редакциясын таныстырды. Ол Конституциясының жаңартылған жобасында тіл мәселесіне қатысты маңызды өзгеріс орын алатынын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

