Павлодар облысы көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда стратегиялық рөл атқарып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес өңір Қазақстандағы электр энергиясы өндірісінің 42%-ын қамтамасыз етті. Бұл бағыттағы негізгі жобалар Екібастұз ГРЭС-2 қуатын екі есе арттыру, жаңа Екібастұз ГРЭС-3 станциясын салу және Ақсу ГРЭС-ін жаңғырту жұмыстары.
Қазіргі уақытта Екібастұз ГРЭС-2 станциясының белгіленген қуаты 1 ГВт болса, оны 2,1 ГВт-қа жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ, «таза көмір» технологияларын қолдана отырып, қуаты 2,64 ГВт-қа жететін жаңа Екібастұз ГРЭС-3 құрылысы басталмақ. Бұл еліміздің энергетикалық жүйесіне қосымша қуат көзін береді. Ақсу ГРЭС-індегі жаңғырту жұмыстары да электр энергиясы өндірісінің тиімділігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған.
Электр энергиясы өндірісінің қарқынды өсуі көмір өндіру көлемін ұлғайтуды талап етеді. Осы мақсатта еліміздегі көмір өндірісінің 38%-ын қамтамасыз ететін «Богатырь Көмір» ЖШС-нің маңызы ерекше. Компанияның көмір қоры 2,4 млрд тоннаны құрайды және алдағы жылдарда өндірісті тұрақты арттыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 2024 жылғы 42,7 млн тоннадан 2026 жылға қарай өндірісті 45,2 млн тоннаға жеткізіп, 2032 жылға қарай жылдық көрсеткішті 56,5 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін компания 2026-2032 жылдарға арналған, жалпы құны 360 млрд теңге болатын ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асырады. Бұл қаражаттың басым бөлігі «Северный» қимасында жоғары өнімді циклдік-ағындық технологияны енгізуге, жаңа көмір үйінділерін жабдықтауға, сондай-ақ тау-кен техникаларын жаңартуға бағытталмақ.
Күрделі құрылыс пен қолданыстағы жабдықтарды жаңғырту жұмыстары көмір жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, Қазақстанның энергетикалық секторын дамытуда ұзақ мерзімді кепілдік беруге мүмкіндік береді.
Таяуда Энергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамытудың ұлттық жоспарын таныстырғанын сайтымызда жаздық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

