Қаржы министрлігі микро және шағын бизнес субъектілеріне 2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жиналған өсімпұл мен айыппұлды есептен шығарудың жаңа тәртібін бекітті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жеңілдік биылғы жылдың басындағы дерек бойынша микро және шағын бизнес санатына кірген кәсіпкерлерге ғана беріледі. Басты шарт бюджетке салықтар мен төлемдер бойынша берешекті 2026 жылдың 1 қаңтарынан 31 наурызына дейін толық жабу.
Жаңа тәртіп бірнеше санаттағы қарызды қамтиды.
- Біріншіден, биылғы жылдың басынан бастап берешекті толық өтегенге дейінгі аралықта есептелген өсімпұл.
- Екіншіден, мемлекеттік кіріс органдары салған салық заңнамасын бұзуға қатысты айыппұл.
- Үшіншіден, төлеу мерзімі кейінге шегерілген салық міндеттемесі 1 сәуірге дейін өтелген жағдайда есептелген өсімпұл мен айыппұл кешіріледі.
- Төртіншіден, жыл басына дейін ҚҚС есебіне тұрмай жасалған айналым үшін салынған айыппұл да осы тәртіпке сай есептен шығарылады.
Есептен шығару тәртібінің нақты шектеуі де бар. Атап айтқанда, талап кәсіпкерлікпен не жеке практикамен байланысы жоқ жеке тұлғаның өсімпұлы мен айыппұлына жүрмейді. Демек, жеңілдік тек кәсіпкерлік қызмет барысында пайда болған қарызға ғана беріледі.
Қарызды есептен шығару салық төлеушінің дербес шотына толық тексеріс жүргізу арқылы іске асады. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, жұмысы биылғы жылдың 31 наурызына дейін жалғасады.
Қаржы министрлігінің 2026 жылғы 13 ақпандағы №13 бұйрығы 24 ақпаннан бастап күшіне еніп, биылғы жылдың басынан бергі құқықтық қатынасқа қолданылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

