Білікті қаржы маманы Алмас Шөкин елдегі көлік статистикасының былтырғы жылғы көрсеткіштері көп сұрақ тудырып отырғанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алмас Шөкиннің айтуынша, 2025 жылдың басында елде 5,9 млн автокөлік тіркеуде тұрған. Желтоқсан айының басында көлік саны 5,85 миллионға дейін кеміп кеткен. Бір жылда жүздеген мың жаңа көлік сатып алынып жатқанда, мұндай көрсеткіштің пайда болуы қызық жағдай.
Алмас Шөкин «Бұл санның азаюына қазан айында көлік деректер қорын тазарту себеп болған шығар», – деп есептейді. Өйткені бұл кезде жүйеден ескі, қайталанатын және өлі тіркеулер алынып тасталған. Оның ойынша, осындай деректердің ашық әрі тұрақты жарияланып отырғаны дұрыс. Әйтпесе, қазір статистиканы әртүрлі мекемелерден теріп жинауға тура келеді.
Мысалы, ресми дилерлер былтыр елде рекорд орнап, 235 мың жаңа жеңіл автокөлік сатылғанын хабарлады. 2024 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14%-ға жоғары. Оның 80 пайызы Қазақстанда құрастырылған көліктер. Жергілікті автоөндірушілер болса, былтыр шамамен 170 мың көлік шығарғанын айтты.
Сәуірден бастап алғаш рет тіркеуге қойылған және қайталама тіркелген көліктер саны бөлек көрсетіле бастады. Осыған орай, Алмас Шөкиннің айтуынша, сәуір айы рекорд жаңартып, бір айда 190 мың көлік тіркеуге алыныпты. Яғни, күніне 6 мың автокөлік қолдан-қолға өткен деген сөз. Ал қыркүйекте көрсеткіш күрт төмендеп, небәрі 15 мың алғашқы тіркеу және 71 мың қайталама сатылым тіркелген.
Автордың пайымдауынша, бұл жерде ескеретін тағы бір жайт бар. Қазақстанға көлік тек ресми дилерлер арқылы емес, «сұр импорт» және жеке тұлғалардың тікелей әкелуімен де көптеп кіріп жатыр. Мұндай көліктер көбіне ресми статистикаға енбей қалады. Кедендік деректерге сүйенсек, былтыр қосымша 250-300 мың көлік сырттан әкелінген. Бұл жерде жаңа және ескі көліктер аралас. Бірақ қазіргі уақытта Қытайдан тек жаңа көліктер тасымалданады, осы елдің өзі Қазақстанға былтыр 210 мың көлік жіберген.
Алмас Шөкиннің есебінше, жарты жылдық деректер бойынша импортта көш басында Қытай тұр 94,6 мың автокөлік (+247,5%). Одан кейін АҚШ – 12,89 мың (-29,3%), Жапония – 10,38 мың (-11,2%), Оңтүстік Корея – 6,4 мың (-23,9%), Ресей – 5,9 мың (+217,9%), Германия – 1,8 мың (+23,3%), Канада – 605 (-41,6%), Мексика – 358 (+90,4%), Словакия – 250 (+257,7%), Ұлыбритания – 218 (+79%).
Импорт бағытын анықтау одан да күрделі дейді автор. Мысалы, Қытайдың автокөлігі Қырғызстаннан да (38 902 автокөлік реэкспортталған), АҚШ-тан келген көліктер Грузия арқылы (41 556 автокөлік) Қазақстанға жеткізілуі мүмкін.
Алмас Шөкиннің айтуынша, осындай деректерді сараптай келе, елдегі автопарк бір жылда шамамен жарты миллионға артқан болуы керек. Бірақ жалпы автокөлік паркі әзірге ескірген күйінде қалып отыр. Орташа жас біртіндеп жаңарып жатса да, жол апаттарынан көз жұматындар саны әлі де жоғары күніне 7 адам немесе айына 200-ге жуық азамат қайтыс болады. Өткен жылы 34 146 жол-көлік оқиғасы тіркелген, соның салдарынан 2 330 адам қаза тауып, 49 220 адам зардап шеккен. Автордың пікірінше, апат көрсеткішінің төмендегені байқалғанымен, жағдай әлі көңіл көншітер емес.
Бұған қоса, былтыр аяқталған армян, абхаз автокөліктерін заңдастыру шарасы да статистиканы одан сайын күрделендіріп жіберді. Өйткені олардың нақты саны туралы ашық ақпарат әлі жарияланған жоқ.
Контекст
Жалпы алғанда, Қазақстанда бір көлікке төрт адамнан келеді екен. Бірақ бұл көрсеткіш дамыған елдерден екі-үш есе төмен. Дегенмен, осының өзінде үлкен қалаларда кептеліс мәселесі күннен-күнге қиындап барады.
Жағымды жаңалық электр көліктерінің саны жылдам өсіп келеді, бірақ жалпы көлік санына шаққанда үлесі әлі де аз.
Баға мәселесіне келсек, өткен жылы көлік құны орта есеппен 10-20 пайызға көтерілген. Биыл ҚҚС пен жеңілдіктердің алынуына байланысты көлік бағасы одан әрі қымбаттай түседі. Әзірше тек несие құны сәл арзандауы мүмкін деген болжам бар.
Автор осылайша жалпы жағдайдың баяу болса да түзеліп келе жатқанын алға тартты. Бірақ автомобиль нарығының нақты бейнесін көру үшін ашық әрі түсінікті статистика қажет. Ал әзірге, бұл саладағы көрсеткіштерді іздеу қиын шаруа.
Айтқандай, көлігіңіздің тежегіш жүйесі сіздің қауіпсіздігіңіздің кепілі. Жолдағы қауіп-қатердің алдын алу үшін тежегіштің түрлері мен олардың ерекшеліктерін түсіну маңызды екенін тілшілеріміз жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

