Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған Ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған бұл құжат Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді. Жоспардың басты мақсаты мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін сапалы ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін құру.
Кешенді жоспардың негізгі міндеті халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті нығайту және жануарларды аурулардан сақтау болып табылады.
Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан аусыл, африкалық жылқы обасы, африкалық және классикалық шошқа обасы секілді эпизоотиялық жағдайға қол жеткізген. Мұндай тұрақтылық отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Жоспар аясында жануарлардың қауіпті ауруларына қарсы күрес күшейтіледі, ветеринария мамандарының жалақысы өседі, ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, зертханалық бақылау жүйесі жетілдіріледі. Сондай-ақ, өнімнің өмірлік циклының барлық кезеңінде, яғни туған сәтінен бастап сатуға дейінгі аралықта қадағалау күшейтіліп, ветеринария саласын цифрландыру мен ветеринариялық фармацевтикалық технологияларды дамыту көзделген.
Эпизоотиялық тұрақтылық тірегі
Қазіргі уақытта елімізде ветеринариялық препараттар шығаратын 21 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен бірге Қазақстанның эпизоотиялық ахуалын сақтау, қауіпті аурулардың таралуына жол бермеу және техникалық талаптарға сай келмейтін өнімдердің ішкі нарыққа түсуін болдырмау үшін шекара маңындағы аумақтарда 67 ветеринариялық бақылау бекеті жұмыс істеуде.
2025 жылы Қазақстан шекарасы арқылы өткен импорттық, экспорттық және транзиттік операциялар кезінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар 60 мыңға жуық автокөлікті тексеріп, 700 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімін бақылаған.
Жоспар аясында ветеринария саласындағы процестерді цифрландыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіне жаңа функционалдар енгізілді. Олардың қатарында ISZH-MOBILE, TortTulik жүйелері бар.
Ал мал шаруашылығы өнімдерін қадағалау мақсатында «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модулі іске қосылды. Қазірдің өзінде бұл жүйеге ішкі сауда орындары, зертханалар мен мал сою нысандары қосылған. Алдағы уақытта қоғамдық тамақтану орындарын да кезең-кезеңімен енгізу жоспарда бар.
Сонымен қатар 2030 жылға қарай Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты аумақтық бөлімшелер мен ведомстволық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын 80%-ға дейін жаңарту жоспарланған. Ал жергілікті атқарушы органдарға қарасты ветеринариялық ұйымдар қызметкерлерінің жалақы қоры 1,5-2,5 есеге артады.
Жалпы, кешенді жоспарды жүзеге асыру ветеринариялық қауіпсіздік деңгейін көтеруге, тұрақты эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз етуге, зертханалық бақылауды күшейтуге және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







