Қытайда шалғай жайылымдағы қойшы жұмысына жарияланған хабарландыру әлеуметтік желіде үлкен талқыға түсіп, еңбек нарығындағы қысымның бір көрінісіне айналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ферма иесі Цзо Сяоюн Моңғолияның оңтүстігіне жақын қашықтағы жайылымға екі қойшы іздеп, қарапайым ғана хабарландыру жариялаған. Бірақ көп ұзамай сол жазба Weibo желісінде күннің ең көп талқыланған тақырыбына айналды. Бірнеше сағат ішінде видео 59 миллион қаралым жинап, 21 мыңнан астам талқылау тудырған.
Ең қызығы, екі орынға 700-ден астам адам өтініш берген. Олардың арасында Шанхай мен Чунцин секілді ірі қалалардағы кеңсе қызметкерлері, зауыт жұмысшылары және жаңа ғана университет бітірген жастар бар. Ферма иесінің айтуынша, үміткерлердің шамамен оннан бірі – жас түлектер.
Ал басқалары мұндай жұмысқа қарыздан шаршағандықтан, өндірістегі ауыр еңбекке төзбегендіктен немесе кеңседегі ішкі тартыстан қажығандықтан қызыққан.
«Мұнша тарайды деп ойламадым. Қарапайым адамдарға жұмыс табу қиын сияқты», – дейді Цзо Сяоюн.
Кеңседен қашқан буын
Қытайда ресми жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан сәл жоғары болғанымен, толық емес жұмыспен қамтылу, төмен жалақы және қаладағы ауыр еңбек тәртібі көп адамды қажытып отыр. Әсіресе «996 мәдениеті» деп аталатын жұмыс тәртібі – таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін, аптасына алты күн еңбек ету – көптеген қызметкердің жүйкесіне салмақ түсірген.
Сарапшылар еңбек нарығындағы жағдай алдағы айларда одан әрі қиындауы мүмкін екенін айтады. Жасанды интеллекттің жедел енуі, өндіріс шығынының өсуі және биыл жұмыс іздеуге шығатын 12,7 миллион университет түлегі нарықтағы бәсекені күшейтеді.
Қойшы жұмысына қызыққандардың бірі – теңіз контейнерлерін шығаратын зауытта істейтін 21 жастағы Джеймс Гоу. Ол күніне 13 сағаттан артық жұмыс істеп, қолы ісініп, күс болғанша бұранда бұрайтынын айтқан. Тіпті дәретханаға баруға да уақыт таппайтын сәттер болатынын жеткізген.
Ал ұсынылған қойшы жұмысының шарты сырттай қарағанда тартымды көрінген. 3000 қойды 2000 гектар жайылымда бағу керек. Жазда мал далада жайылады, қыста қора ішінде жемдеу, тазалау секілді ауыр жұмыс бар. Температура кейде минус 30 градусқа дейін төмендейді. Айлық – 8000 юань. Бұл жеке компаниялардағы қаладағы орташа жалақыдан жоғары. Оның үстіне баспана мен тамақ беріледі.
Бірақ ферма иесі мұны романтикаға балауға болмайтынын ескертеді. Оның сөзінше, бастысы – ұзақ мерзім жұмыс істей алатын, қысқа шыдайтын адам табу. «Бұл туризм емес», – дейді ол.
Қытайдағы «35 жас қарғысы»
Қытай қоғамында «35 жастың қарғысы» деген түсінік те жиі айтылып жүр. Көп жұмыс беруші 35 жастан асқан кандидаттарға салқын қарайды. Бұл бұрын технология саласына қатысты мем секілді көрінсе, қазір кеңірек экономикалық шындыққа айналып барады.
28 жастағы У есімді электронды сауда саласының қызметкері айына 10 мың юань тапса да, қойшы жұмысына қызыққанын айтады. Оның сөзінше, қаладағы күрделі адамдардан, кеңседегі қысымнан, үздіксіз байланыстан шаршаған. «Әлемнен алыстау, тыныш өмір сүргім келеді», – дейді ол.
Қарапайым қойшы вакансиясының вирусқа айналуы Қытайдағы үлкен әлеуметтік көңіл күйді ашып берді. Қаладағы жалақы бар, бірақ тыныс жоқ. Кеңсе бар, бірақ еркіндік аз. Университет дипломы бар, бірақ сенімді жұмыс табу қиын. Сондықтан шалғайдағы жайылым да кей адамға қашып құтылатын тыныш мекен секілді көріне бастаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







