Бектенов үкіметі ірі фармацевтикалық келісімді бекітті. Шымкентте аса маңызды 38 түрлі дәрі-дәрмек шығаратын жаңа өндіріс орны іске қосылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жобаны іске асыруға Польшадағы ең бай адамдардың бірі, Forbes рейтингі бойынша екінші орындағы миллиардер Ежи Старактың иелігіндегі Polpharma Santo («Химфарм» АҚ) компаниясы қатысады. Жалпы инвестиция көлемі 39,5 млрд теңге. Қаражаттың бір бөлігі ғылыми-зерттеу жұмыстарының дамуына жұмсалады.
Жаңа өндіріс орны онкологиялық, жүрек-қантамыр ауруларын, инфекциялық және созылмалы ауруларды емдейтін препараттар шығаруға маманданбақ.
Үкімет осы жоба арқылы Қазақстандағы фармацевтикалық өндірістің отандық үлесін арттырып, дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және инвестиция тартуды көздеп отыр.
Өндірістің бірінші кезеңі 2029 жылдың соңында іске қосылады деп жоспарланған.
Жалпы алғанда, үкімет фармацевтика саласында жалпы сомасы 316,3 млрд теңгені құрайтын алты инвестициялық келісім жасасқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

