Атырау облысының Жангелдин ауылында егде жастағы ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиев Индонезияда ұсталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істердің мәліметінше, аса ауыр қылмыс жасаған күдікті арнайы операция барысында Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылынан табылған. Онымен бірге халықаралық іздеуде жүрген әйелі де ұсталған. Әйел адам бұған дейін хабар-ошарсыз кеткендер санатында болатын.
«Тергеу деректері бойынша, күдікті 2025 жылдың қараша айында Атырау облысында ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен материалдық мүдде негізінде алдын ала жоспар құрып, екі адамды әдейі өлтірген. Кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында сүйекті қора-жайдың астына көміп, қан іздерін жойып, марқұмдардың ақшасы мен құнды заттарын иемденген», – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта ұсталғандарды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілуде.
Еске салсақ…
66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның 64 жастағы жұбайы Нәсип Өтешқалиеваның денесі 6 қаңтар күні Атырау облысының Жангелдин ауылында өз үйінің сарайы астынан табылған еді. Полиция күдікті ретінде әулеттің күйеубаласы Сұлтан Сәрсемәлиевті атаған болатын.

Сонымен қатар оның зайыбы, отбасының қызы Ақбаян Мұқанғалиева да із-түзсіз жоғалып, полиция оны да жер-көктен іздестірген-тұғын. Ақыры екеуі де Индонезиядан табылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ұсталған ерлі-зайыптылардың бес баласы Сәрсемәлиевтің жақын туыстарының қамқорлығына берілген.
Марқұмдардың өзге екі баласы, қызы Мирамгүл Қарабалина мен ұлы Наурыз Мұқанғалиев әлі табылмай жатыр. Іздеу жалғасуда. Туыстары чаттағы хат-хабар марқұмдардың атынан ғана емес, Наурыздың атынан да жолданғанын айтқан. Содан болар әулеттің жақындары әуелде полицияға жүгінуге асықпаған. Наурыз анасының төсек тартып қалғанын, сол үшін қорадағы малды сатуға мәжбүр екенін айтып, хат-хабар алмасқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

