Израильдің Иран аумағына жасаған соққысы АҚШ-пен бірлескен әскери операция аясында жүзеге асырылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Америкалық ресми тұлғаның мәлімдеуінше, шабуылдың негізгі мақсаты Иранға қысым көрсетіп, оның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөзге көндіру.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Тегеранға жасалған шабуыл Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеидің кеңсесіне жақын маңда орын алған. Қазіргі таңда Хаменеи Тегераннан қауіпсіз жерге көшірілген. Ел президенті Масуд Пезешкиан да жасырын пәтерге жеткізілгені туралы ақпарат тарады.
Tasnim агенттігінің мәліметінше, жарылыстар Тегеранның солтүстік ауданы Сейед-Ханданда да болған.
Осы оқиғаға байланысты АҚШ-тың Катардағы елшілігі барлық қызметкерлеріне өзін-өзі оқшаулау режимін енгізіп, ел азаматтарына да осылай жасауды ұсынды.
The New York Times газеті америкалық ресми өкілдерге сілтеме жасап, бұл шабуыл былтыр маусым айында АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған соққысынан әлдеқайда ауқымды екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац шабуылдардың «Израиль мемлекетіне төнген қауіп-қатерді жоюға бағытталғанын» мәлімдеген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







