Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Шаһарды төрт жыл бойы басқарған Қайрат Шайжанов өз еркімен кетіп, оның орнына Сәтбаев қаласының экс-әкімі Мұрат Бөрібаев тағайындалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жезқазған қаласының жаңа басшысын қала активіне Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен таныстырды. Өңір басшысы жаңа әкімнің өндіріс пен басқару саласындағы тәжірибесін атап өтіп, облыс орталығының инфрақұрылымын дамыту, жылу беру маусымына дайындық және әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
Мұрат Бөрібаев осы тағайындауға дейін көршілес Сәтбаев қаласын басқарып, моноқаланың тыныс-тіршілігіне жетекшілік еткен болатын.
Қайрат Шайжановтың қоштасу үндеуі
2022 жылдың маусым айынан бері Жезқазған қаласын басқарған Қайрат Шайжанов қызметінен кетуіне байланысты желідегі парақшасында қала тұрғындарына арнайы мәлімдеме жасады.
Ол төрт жыл бойы атқарылған бірлескен жұмыстарға тоқталып, жезқазғандықтардың көрсеткен сенімі мен сындарлы сыны үшін ризашылығын білдірді.
«Қала әкімі қызметіндегі жұмысымды аяқтап, сіздермен қоштасатын уақыт келді. Төрт жыл бойы сіздермен бірге туған қаламызды дамыту жолында еңбек еттік, ыстығы мен суығын бірге көріп, қолдан келгеннің бәрін жасауға тырыстық. Бұл кезең мен үшін үлкен жауапкершілік қана емес, нағыз өмір мектебі әрі баға жетпес тәжірибе болды. Мен үшін Жезқазған тағдырым, еңбегім және қымбат естеліктеріммен байланысты туған өлке. Менің осы қызметтегі жұмысым аяқталғанымен, қалаға деген жанашырлығым мен ізгі тілегім ешқашан таусылмайды», – деп жазды экс-әкім.
Өндірістен мемлекеттік қызметке дейін: Жаңа әкім кім?
Жезқазған қаласының тізгінін ұстаған Мұрат Ерболатұлы Бөрібаев 1991 жылы дүниеге келген. Ол өңірдің өндірістік әлеуеті мен кен-металлургия саласын іштей терең меңгерген маман саналады.
Жаңа әкім Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Металлургия, экономика және бизнес бакалавры, сондай-ақ мемлекеттік менеджмент магистрі дәрежесі бар.
Еңбек жолын «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Нұрқазған» байыту фабрикасында 3-разрядты қарапайым флотатор болып бастаған. Кейін аталған кәсіпорында іс жүргізуші, шебер, цех бастығы, бас инженер қызметтерін атқарды.
2017 жылдан 2024 жылға дейін «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің №1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикаларының директоры лауазымында болды. Кейін Сәтбаев қаласының әкімі болып тағайындалып, мемлекеттік қызметке ауысты.
Енді жас басшы облыс орталығы мәртебесіне ие Жезқазған шаһарын өркендету міндетін қолға алмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







