Жаңа Конституцияның басты құндылығы адам және оның өмірі, құқығы мен еркіндігі. Конституцияға енгізілетін өзгерістердің негізгі мақсаты мемлекет азамат үшін қызмет ететін, адам игілігіне бағытталған құрылымға айналу.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов партияаралық дебат кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Мемлекет тек халыққа қызмет еткенде ғана шынайы құндылыққа ие болады. Конституция абстрактылы ұғымдарды емес, нақты адамды, оның өмірін, отбасылық қауіпсіздігін, еңбек ету және ертеңгі күнге деген сенім құқығын қорғауы тиіс», – деді депутат.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасының бірінші бабында Қазақстанның ең жоғарғы құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені нақты жазылған.
«Бұл еңбек адамының қадірі артатынын, оның күш-жігері ел дамуының іргетасы ретінде мойындалатынын білдіреді. Бұл азамат ауырғанда жалғыз қалмайтынын, мемлекет оның денсаулығы үшін жауапты екенін көрсетеді. Бұл әр баланың қай жерде туғанына немесе отбасылық жағдайына қарамастан білім алуға құқығы бар екенін кепілдейді», – деді Асхат Рахимжанов.
Депутат әділеттілік пен құқықтық қорғау мәселесіне де ерекше тоқталды.
«Әділеттілік қолжетімді, ал сот жүйесі азаматты тыңдап, заңның халыққа қызмет ететінін нақты көрсетуі керек. Сондықтан жаңа Конституцияда Миранда ережесі енгізілді. Мемлекеттік органдар тек халық мүддесі үшін жұмыс істеп, шешімдер қоғам игілігіне сай қабылдануы тиіс. Дамудың сапасы тек құрғақ цифрлармен емес, халықтың өмір сүру деңгейімен өлшенеді. Қатаң билік жүйесі емес, сол билікке деген азаматтардың сенімі мемлекетті нығайтады», – деп түйіндеді депутат.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Конституция бойынша референдум 15 наурызда өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







