Тараз қаласының тұрғыны тонаушы шабуыл жасады деп полицияға жалған хабар берген, деп жазады Ertenmedia.kz.
Polisia.kz арнасының хабарлауынша, әйел адам үйіне бетперде киген белгісіз ер кісі басып кіріп, қарумен қорқытып, қолын байлап, алтын бұйымдары мен ақшасын алып кеткенін айтқан.
«Аталған ауыр қылмыс туралы хабарлама полиция тарапынан дереу қабылданып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-тергеу тобы іске кірісіп, тиісті іздеу шараларын жүргізді», – делінген ақпаратта.
Алайда, көп ұзамай, бұл оқиғаның жалған екені анықталды.
Полицейлердің мәліметінше, әйел күйеуімен болатын жанжалдан қорқып, осындай оқиғаны ойдан шығарған. Шын мәнінде ол алтын бұйымдарын бірнеше ай бұрын күйеуінің рұқсатынсыз сатып жіберген.
Қазіргі таңда аталған азаматшаға қатысты қылмыс туралы әдейі жалған ақпарат бергені үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция департаменті жалған ақпарат беру қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Мұндай әрекеттер құқық қорғау органдарының күшін, уақытын босқа жұмсап, нақты қылмыстарды ашуға кедергі келтіреді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







