НАСА ғалымдары астероидтің Аймен соқтығысу қаупін жоққа шығарды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұған дейінгі орбиталық есептеулерде 2024 YR4 астероидінің 2032 жылдың 22 желтоқсанында Аймен соқтығысу ықтималдығы 4,3% деп бағаланған еді. Алайда Джеймс Уэбб ғарыш телескопымен жүргізілген соңғы бақылаулар нәтижесінде бұл болжам түбегейлі өзгерді.
18 және 26 ақпанда алынған жаңа деректерді қолдана отырып, НАСА-ның Оңтүстік Калифорниядағы реактивті қозғалыс зертханасы жанындағы Жер маңы нысандарын зерттеу орталығы астероидтің нақты траекториясын қайта есептеді. Жаңартылған ақпаратқа сәйкес, астероид Айдың жанынан шамамен 21 200 шақырым қашықтықта ұшып өтеді.
Ғалымдар жаңа есептеулер орбитаның өзгергенін емес, астероид орналасқан нүктенің дәл анықталғанын білдіретінін атап өтті. Бұрынғы есептеулер соңғы бақылаулар енгізілмегендіктен, шағын болса да, соқтығысу ықтималдығын көрсеткен.
Соңғы бақылауларды Мэриленд штатындағы Джонс Хопкинс атындағы Қолданбалы физика зертханасының мамандары жүргізген. Олар Джеймс Уэбб телескопының жоғары сезімталдық мүмкіндігін пайдаланып, астероидтің өте әлсіз бейнесін түсірген.
Айта кету керек, 2025 жылдың көктемінен бастап бұл астероид Жерден немесе басқа ғарыштық телескоптардан бақылауға қиын объектілердің қатарына жатқызылған. Сондықтан Уэбб телескопының соңғы бақылаулары тарихтағы ең әлсіз астероидтік бейнелердің бірі саналады.
Бұл астероид алғаш рет 2024 жылы Чилидегі НАСА қаржыландыратын ATLAS станциясы арқылы анықталған. Сол кезде жүргізілген алғашқы есептеулер астероидтің Жермен соқтығысу ықтималдығы бар екенін көрсеткен болатын. Бірақ астрономдардың кейінгі үздіксіз бақылаулары нәтижесінде астероидтің Жерге де, Айға да қауіп төндірмейтіні дәлелденді.
Зерттеушілер мұндай түзетулер планеталық қорғаныс жүйесінде қалыпты құбылыс екенін айтады. Алғашқы болжамдар кейіннен қосымша бақылау деректері мен орбиталық модельдер жетілдірілген сайын үнемі жаңартылып отырады.
Астрономдар ғарыштағы ерекше жұлдыздың таңғажайып тағдырын ашты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







