Қазақстанның танымал мәдениет және өнер қайраткерлері елдің жаңа Конституциясына арналған «Халықтың Ата Заңы» атты ерекше ән жазды. Бұл туынды қоғамдағы бірлік пен саяси реформаларға көрсетілген кең қолдаудың символына айналды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жобаға отандық сахнаның жарқын жұлдыздары – Қайрат Баекенов, Мәдина Сәдуақасова, Заттыбек Көпбосынұлы, Бауыржан Исаев, Еркеш Хасен, Маржан Арапбаева, Әлішер Кәрімов, Сүндет Байғожин, Анна Уварова, Әділбек Байтанат және қазақ эстрадасының аңызына айналған Роза Рымбаева қатысты. Әннің шарықтау шегі – барлық әншінің дауысы бір арнаға тоғысып, қуатты хорға айналады.
Әнге арнайы түсірілген бейнеролик еліміздің жетістіктерін кеңінен қамтыған. Видеода қазақстандық спортшылардың әлемдік ареналардағы жарқын жеңістері, ғылымдағы озық жетістіктер, робототехника мен медицина саласындағы табыстар және білім беру жүйесіндегі жаңа бастамалар көрініс тапқан. Сонымен қатар, ролик Қазақстанның таңғажайып табиғаты мен елдегі инфрақұрылымдық дамудың жарқын мысалдарын да паш етеді.
Жаңа туындының негізгі идеясы – ел бірлігі мен ынтымағы Қазақстанның тұрақты дамуының кепілі екенін жеткізу. Ән мен оның бейнекөріністері арқылы еліміздің болашаққа нық сеніммен қарайтыны айқын сезіледі.
Мәдениет қайраткерлерінің бастамасы – жаңа Конституция жобасына берілген қоғамдық қолдаудың маңызды бір белгісі. Жоба арқылы тұрақтылық, сабақтастық және Қазақстанның тұрақты даму идеясы қоғамда ерекше жаңғырып отыр.
Айта кетейік, Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдум 15 наурызда өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







