Қостанай облысында жылыту маусымын ойдағыдай аяқтау және алдағы жөндеу науқанына дайындық бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев сапарында мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Комитет төрағасы алдымен Рудный ЖЭО-да жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Қазір мұнда №1 қазандықтың монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Жоспарға сәйкес, наурыздың 30-на дейін монтаж аяқталып, сәуір-маусым аралығында іске қосу-реттеу жұмыстары атқарылады. Осы қазандықтың іске қосылуы станцияның жалпы қуатын қосымша 30 МВт-қа арттырады деп күтілуде.
Сонымен қатар, ЖЭО-да №3 турбинаның генераторы жаңартылып жатыр. Қытайдан әкелінген жаңа генератордың монтаждау жұмыстары тамыз айында аяқталуы тиіс. Бұған қоса биылғы жылы бір қазандық агрегаты мен екі турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
Сапар барысында Ержан Ертаев «KEGOC» АҚ Сарыбай МЭС диспетчерлік орталығына барып, өңірдің энергетикалық жүйесінің жедел схемасымен, алдағы жөндеу жұмыстарымен және көктемгі су тасқынына дайындық шараларымен танысты.
Облыс әкімдігі мен энергетикалық кәсіпорындардың басшыларының қатысуымен өткен кеңесте Арқалық ЖЭО, Рудный жылу желілері, «ЭПК-Forfait» және «Межрегионэнерготранзит» өкілдерінің баяндамалары тыңдалып, өңірдегі энергетикалық мәселелер талқыланды. Әсіресе, энергетикалық нысандардың су тасқынына қарсы дайындығы мен қажетті шараларды іске асыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
– Жылыту маусымын тұрақты әрі сапалы аяқтап, алдағы жөндеу жұмыстарын уақытылы атқару өте маңызды. Энергетикалық жүйенің қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы тиіс. Бұл – облыс тұрғындарын үздіксіз энергиямен қамтамасыз етудің басты шарты, – деді Ержан Ертаев.
Комитет төрағасы жылу маусымының өтуін, жөндеу науқанына дайындықты және су тасқынына қарсы шараларды тұрақты бақылауда ұстауды Қостанай облысы бойынша аумақтық департаментіне тапсырды.
Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов Қазақстанның отын-энергетика кешенінің 2025 жылғы даму қорытындысын жариялады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







