Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда «Наурыз Fest» аясында ерекше крафт өнімдері мен ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңке-көрмесі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Көрмеге өңірдің әр аудан-қалаларынан жиналған жергілікті қолөнершілер, кәсіпкерлер мен шағын өндіріс өкілдері қатысты.
Шарада шеберлер табиғи тас пен эпоксидті шайырдан, қызыл балшық пен мақта жібінен, ағаш пен киізден дайындалған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.

Ұлттық нақышта безендірілген әшекейлер, ыдыстар, интерьер заттары мен кәдесыйларда дәстүрлі ою-өрнектер қазіргі заманғы материалдармен үйлесім тапқан. Қатысушылар өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, оларды дайындаудың ерекшеліктері мен әдістері туралы да баяндап берді.
Көрмеге қолөнершілермен қатар азық-түлік өндірушілері де белсене атсалысты. Жәрмеңкеде облыс орталығындағы жаңа базар аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы ұйымдастырылды.

Көксу, Ескелді, Ақсу аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларының шаруалары 60 тоннадан астам ет және балық өнімдерін, сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидектерді ұсынды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы нарықтағыдан 15-20 пайыз төмен деңгейде болды.
Жәрмеңке-көрме өңірдегі шағын кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін таныстырып, өткізуге үлкен мүмкіндік берді. Сондай-ақ, жергілікті халық үшін ұлттық өнімдерді қолжетімді бағамен алуға жағдай жасалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







