Қарағанды облысында боран мен көктайғақтың кесірінен жолдардағы жағдай төрт тәуліктен бері күрделі болып тұр, деп жазады Ertenmedia.kz.
13 наурыз кешкісін «Қарағанды – Астана» тас жолының бойында жағдай күрт нашарлады. Ошаған елді мекені маңындағы биікке шығатын жолда қатты көктайғақтан жүздеген көлік қозғалыссыз қалды.
Жүргізушілердің айтуынша, осы тұста 500-ге жуық жүк көлігі мен шамамен 700 жеңіл автокөлік кептеліп қалған. Қозғалыс толықтай дерлік тоқтаған, ауыр жүк көліктері биіктен аса алмай, қалған көліктер жол үстінде бөгеліп тұр.
Желіде оқиға орнынан түсірілген видеолар таралуда. Кадрларда полиция қызметкерлерінің жолды қолмен, күрекпен құм сеуіп жатқанын көруге болады.
– Жолдағы жағдай өте ауыр. Көктайғақпен күреске полиция қызметкерлері өздері кірісіп кеткен. Ал «ҚазАвтоЖолдың» бір ғана техникасы жүр, оның өзі толық жұмыс істей алмай тұр. Сонда біздің төлеп отырған жол ақымыз қайда кетіп жатыр? Элементарлы жағдай жоқ болса, ақшаны не үшін төлейміз? Осындай салғырттықтың кесірінен кейбір жүргізушілер жол бойында бірнеше тәуліктен бері тұр, – дейді жүргізуші Нұрбек Есілбаев.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Теміртау бекеті маңында жиналған көліктер туралы ақпарат тараған еді. Видеоларда ондаған жүк және жеңіл көліктің жол үстінде қозғалыссыз қалғаны анық байқалады. Жүргізушілер жол бойында үш тәуліктен бері азық-түліксіз, сусыз әрі жанармайсыз тұрғандарын айтып шағымданған.
Бірақ еліміздің бірқатар өңірінде алдағы тәулікте ауа райы тұрақты болып, қар мен жауын-шашын күтілмейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







