АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Ормуз бұғазында кемелерге жасалатын шабуылдарды тоқтатпаса, Иранның негізгі мұнай орталықтарының бірі саналатын Харг аралындағы инфрақұрылымға соққы жасалуы мүмкін екенін ескертті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Трамп бұл туралы әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемесінде айтқан. Оның сөзінше, АҚШ әскері Харг аралындағы бірқатар әскери нысандарға соққы жасап, оларды толық жойған. Аталған арал Иран мұнайының шамамен 90 пайызы экспортталатын негізгі терминал саналады. Ол Ормуз бұғазынан шамамен 500 шақырым қашықтықта орналасқан.
Сонымен қатар Трамп америкалық шабуылдар мұнай инфрақұрылымына бағытталмағанын атап өтті. Алайда Иран немесе басқа тарап Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін және қауіпсіз өтуіне кедергі келтірсе, АҚШ бұл шешімді қайта қарауы мүмкін екенін ескертті.
АҚШ президенті Иран әскері америкалық соққыларға қарсы тұра алмайтынын да мәлімдеді. Ол Truth Social желісінде жариялаған жазбасында Иран әскері мен билік құрылымдарына қаруды тастап, елде қалған мүмкіндікті сақтап қалуға кеңес берген.
Соған қарамастан, Иран тарапы әскери қысымға мойынсұнуға ниет білдірген жоқ. Иран қарулы күштері елдің мұнай немесе энергетикалық инфрақұрылымына жасалған кез келген соққы кері жағдайға әкеп соғатынын айтты. Айталық, АҚШ‑пен ынтымақтастық орнатқан мұнай компанияларының нысандарына қарсы жауапты шабуылдарға алып келетінін мәлімдеді.
Иранның жартылай ресми Fars агенттігі америкалық шабуыл кезінде Харг аралында 15‑тен астам жарылыс болғанын хабарлады. Ақпарат көздеріне сүйенсек, соққылар әуе қорғаныс жүйелеріне, әскери-теңіз базасына және әуежайға бағытталған. Мұнай нысандары зақымданбаған.
Әлемдік нарықтар Харг аралындағы мұнай инфрақұрылымының жағдайын мұқият бақылап отыр. Сарапшылардың айтуынша, құбырлар, терминалдар немесе мұнай сақтау қоймаларының жұмысы аздап бұзылған жағдайда да әлемдік мұнай жеткізілімі қысқарып, нарықтағы тұрақсыздық күшеюі мүмкін.
Fox News арнасындағы радиобағдарламада сөйлеген Трамп АҚШ жақын арада Иранға қарсы жаңа ауқымды әскери операциялар бастауы мүмкін екенін де айтты.
Иран тарапы да әуе кеңістігінде бес ұшқышсыз аппараттың атып түсірілгенін хабарлады. Мемлекеттік телеарнаның мәліметінше, соғыс басталғалы бері Иран АҚШ пен Израильдің жалпы 114 дронын жойған.
Соғыс аясында мұнай бағасы да тұрақсыз күйге түсті. Баға динамикасы Трамптың қақтығыс қанша уақытқа созылатыны туралы мәлімдемелеріне байланысты өзгеріп отыр. Қақтығыс 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иран аумағына жаппай әуе соққыларын жасағанынан кейін басталып, кейін аймақтық деңгейдегі үлкен шиеленіске ұласты.
Сенбі күні Бағдадтағы АҚШ елшілігі де зымыран шабуылына ұшырады. Ирак қауіпсіздік қызметтерінің мәліметінше, ғимарат маңынан түтін көтерілген. Алайда оқиға жайлы толық ақпарат жарияланған жоқ.
Аймақтағы басқа шабуылдар туралы Tasnim агенттігі де хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Ливандағы «Хезболла» ұйымымен бірлесіп Израиль нысандарына жаңа соққылар жасағанын мәлімдеген.
Текетірес
Израиль әскері де соңғы тәулікте өз әскери-әуе күштері Иранның батысы мен орталық бөлігіндегі 200‑ден астам нысанға соққы жасағанын хабарлады. Олардың қатарында баллистикалық зымыран ұшыру қондырғылары, әуе қорғаныс жүйелері және қару өндірісіне арналған нысандар бар.
Соғыс екі апта ішінде Таяу Шығыстағы жағдайды күрт шиеленістірді. Қақтығыс салдарынан шамамен 2000 адам қаза тапқан, олардың басым бөлігі Иранда тіркелген. Сонымен қатар Ливан мен Парсы шығанағы елдерінде де құрбандар саны артып келеді. Миллиондаған адам үйлерін тастап, қауіпсіз аймақтарға көшкен.
Әскери шығындар АҚШ армиясына да әсер етті. Батыс Иракта құлаған жанармай тасымалдаушы әскери ұшақтың алты экипаж мүшесі қаза тапты. Сондай-ақ Сауд Арабиясындағы базаға орналастырылған АҚШ әуе күштерінің бес жанармай құю ұшағы Иранның зымыран соққысынан зақымданып, жөндеуге жіберілген.
Иран Израиль мен АҚШ‑тың Парсы шығанағындағы одақтастарына қарсы зымыран мен дрон шабуылдарын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз тасымалын бұзуға әрекет етуде. Бұл бұғаз арқылы әлемдік қазба отындарының шамамен 20 пайызы тасымалданады.
Трамптың айтуынша, АҚШ әскери-теңіз күштері жақын уақытта осы теңіз жолы арқылы өтетін мұнай танкерлерін қорғау үшін арнайы эскорт ұйымдастыруы мүмкін.
Иран соғыс жағдайына қарамастан мұнай экспортын тоқтатпаған. TankerTrackers.com талдаған спутниктік деректерге сәйкес, соңғы күндері Харг аралында бірнеше ірі танкер мұнай тиеумен айналысқан. 28 ақпан мен осы аптаның ортасы аралығында Иран тәулігіне шамамен 1,1‑1,5 миллион баррель мұнай экспорттаған.
Иранның жаңа жоғарғы жетекшісі Моджтаба Хаменеи алғашқы мәлімдемелерінде Ормуз бұғазын жабуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар ол көрші мемлекеттерді өз аумағындағы америкалық әскери базаларды жабуға шақырды.
АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет жаңа иран басшысы жараланғанын және ауыр халде болуы мүмкін екенін мәлімдеп, оның ел басқару қабілетіне күмән келтірді. Соғыс басталған кезде Израиль жасаған соққыдан Хаменеи отбасының көптеген мүшелері, оның ішінде әкесі мен жұбайы қаза тапқаны хабарланған. Кейіннен Иран билігі оның жараланғанын растағанымен, жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді.
Иранда тұратын этникалық қазақтар АҚШ пен Израиль тудырған қақтығыстың қысымына қарамастан Қазақстанға көшуге ықылас танытпай отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







