Алматы қаласының Алмалы ауданында Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық спорт түрлерінен «СПОРТ – ДОСТЫҚ АЛАҢЫ» атты фестиваль ұйымдастырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл мерекелік іс-шараға аудан әкімдігінің өкілдері мен Іле ауданынан келген Республикалық аналар қоғамының мүшелері арнайы қатысты. Сондай-ақ фестиваль қонақтарының қатарында аудан тұрғындары мен спортқа дарынды балаларға арналған арнаулы мектеп-интернат-колледжінің оқушылары болды.
Фестивальдің ашылу салтанатында аталған оқу орнының басшысы Жәмилә Танабаева барша қатысушыларды Амал – Көрісу күнімен құттықтап, сайысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Фестиваль барысында ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындар бойынша тартысты сайыстар өтті. Атап айтқанда, қатысушылар асық атудан, кір тасын көтеруден, арқан тартудан, қол күресінен және секіртпемен секіруден күш сынасты. Жарыс соңында үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Сонымен қатар қатысушылар мен көрермендерге арналған мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Ән мен күй төгіліп, халықтың көңілін көтеріп, фестивальдің мерекелік мазмұнын арттыра түсті.
Фестивальдің негізгі мақсаты – қала тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттап, жастарды саламатты өмір салтына баулу, халықтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру. Ұйымдастырушылар осындай іс-шараларды дәстүрлі түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







