Қазақстан жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуға бағытталған халықаралық бастамаларға қолдау білдірді. Мемлекет басшысы цифрлық дәуірдегі тәуекелдердің шекара талғамайтынын ескеріп, АҚШ билігі мен ірі технологиялық компаниялар қабылдаған ортақ ережені жаһандық деңгейге көтеруді жөн санайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа технология және ортақ жауапкершілік
Күні кеше ғана АҚШ президенті Дональд Трамп пен әлемдік жетекші IT компаниялардың басшылары жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен өрістету жөнінде ерікті келісімге қол қойған еді. Президент Тоқаев бұл қадамның стратегиялық маңызына тоқталып, бастаманың дер кезінде көтерілгенін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының пайымынша, технологияның қарқынды дамуы мемлекеттер мен бизнестің өзара тығыз үйлесімде әрекет етуін талап етеді.
– Өте маңызды әрі уақтылы көтерілген бастаманы құптаймын. Ол жасанды интеллектіге қатысты тәуекелдердің ұлттық шекаралардан асып түсетінін және мемлекеттер тарапынан да, бизнес тарапынан да келісілген қимылды қажет ететінін аңғартады. Вашингтонда бекітілген құжат сарапшылардың жан-жақты зерделеуінен өткен соң, барлық мүдделі елдер үшін жасанды интеллект саласында жаһандық деңгейде енгізуге болатын үлгі ретінде қарастырылуы мүмкін, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
БҰҰ аясындағы халықаралық шарт
Президент бұл тәсілді локалды келісім ретінде ғана қалдырмай, халықаралық құқықтық деңгейге жеткізу қажеттігіне назар аударды. Оның пікірінше, алпауыт мемлекеттер мен цифрлық алпауыттардың ортақ мәмілесі бүкіл әлемге ортақ қағидаға айналуға лайық.
– «Вашингтон моделі» БҰҰ қамқорлығымен әзірленетін халықаралық шарттың негізі бола алады деп есептеймін. Қазақстан жасанды интеллектінің қауіпсіз әрі жауапты дамуын қолдайды. Осыған байланысты біз осы мәселелер бойынша сындарлы халықаралық диалог орнатуға арналған алаң ұсынуға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Ұсыныс G20 саммитінде жарияланады
Қазақстан жасанды интеллектті реттеу мен дамыту бағытында өз ұстанымын әлемдік деңгейде таныстыруға ниетті. Президент тиісті кеңес мүшелеріне халықаралық бастамаларға қатысты нақты ұсыныстарды тез арада әзірлеуді тапсырды.
– Кеңесіміз өзінің іс жүзіндегі маңыздылығын дәлелдеп келеді. Сол себепті оның мүшелерінен осы саладағы Қазақстанның халықаралық бастамасы бойынша қысқа мерзімде нақты ұсыныстар енгізуді сұраймын. Біздің ортақ көзқарасымыз биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады, – деп қорытындылады Президент.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







