Еңбекшіқазақ ауданы Алға ауылында тұратын 102 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Солтанбай Жарықбасов бүгінгі республикалық референдумға қатысып, азаматтық таңдауын жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғасырдан ұзақ өмір сүрген ардагер үшін құрметті жасы жауапты саяси науқаннан тыс қалуға кедергі болған жоқ. Солтанбай ақсақал №187 дауыс беру учаскесіне 15 жастағы шөбересі Дамирмен бірге келіп, белсенділік танытты. Ардагер дауыс беруге әзірленіп келе жатып, қай жерге белгі қоятынын да әзілмен жеткізіп, көпшіліктің көңілін көтерді. Айта кетерлігі, дәл осы учаскеде ақсақалдың балалары мен немерелері де дауыс беріп жатыр.
«Мен еліміздің тарихындағы талай кезеңді бастан өткердім. Тәуелсіз Қазақстанның барлық саяси шараларына қатысып келемін. Ешқашан өзгерістерден қорықпау керек, керісінше заманмен бірге қадам басқан жөн. Сонда ғана бәрі жақсы болады. Мен бүгінгі таңдауымды болашақ ұрпақ үшін жасадым. Жастар менің жасымды жасап, бейбіт, бақытты заманда өмір сүрсін. Еліміз аман, халқымыздың бірлігі берік болсын», – деп жүрекжарды тілегін білдірді Солтанбай Жарықбасов.
Ардагердің өмір жолы – көпке үлгі. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Ташкент қаласындағы кіші командирлер курсын тәмамдап, Забайкалье майданында 25-ші механикаландырылған бригада құрамында пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып, ел қорғаған азамат. Соғыстан соң туған жеріне оралып, ұстаздық жолын таңдайды. Алдымен Түргендегі педагогикалық училищені, кейін Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін бітіреді.
Тарих пәні Солтанбай ақсақалдың сүйікті ісі ғана емес, өмірлік миссиясына айналды. Ол өмір бойы Қазақстан тарихына қатысты материалдарды жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп келеді. Ұзақ жылдар бойы Байтерек ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Оның туған өңірінің әлеуметтік дамуына қосқан үлесі зор.
Бірнеше жыл бұрын ардагердің көптен күткен арманы орындалып, Алға ауылында жаңа мектеп бой көтерді. Сондай-ақ ауыл ортасындағы әсем ақ мешіт – Жарықбасовтар әулетінің жерлестеріне жасаған игі тартуының бірі.
Солтанбай Жарықбасов – шын мәнінде бақытты жан. Бүгінде ардагердің 78 немере, шөбере және шөпшегі бар. Ардақты қарияның бүгінгі қадамы – жастарға үлгі, ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі.
Танымал New England Journal of Medicine ғылыми журналы ең пайдалы диеталардың жаңа рейтингін жариялады. Екінші жыл қатарынан DASH диетасы жүрек саулығын сақтау үшін ең тиімді әрі пайдалы диета ретінде танылып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







