Маңғыстау облысында республикалық референдум күні ұлттық ойындар ұйымдастырылып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлауда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірдегі бірқатар референдум учаскелерінің маңында түрлі ұлттық және спорттық сайыстар өтуде. Атап айтқанда, №40 учаскеде гір көтеру жарысы ұйымдастырылса, №42 учаскеде қол күресінен жарыс өтіп жатыр. №44 учаскеде ақыл мен зердені шыңдайтын тоғызқұмалақ ойыны көпшіліктің қызығушылығын тудырса, №45 учаскеде асық атудан жарыс болып, оған жастар мен балалар белсенді қатысуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – тұрғындардың референдумға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық спорт түрлерін насихаттау, сондай-ақ қоғамның бірлігі мен татулығын нығайту.
– Референдумға дауыс беруге келген тұрғындар ұлттық ойындарға да қатысып жатыр. Мұндай бастамалар халықтың көңіл-күйін көтеріп, ұлттық дәстүрлеріміздің жаңғыруына сеп болады, – деді шараға қатысушылардың бірі.
Жарыстарға қатысушылар күш-жігері мен ептілігін көрсетіп, мерекелік шарадан ерекше әсер алғандарын жеткізді.
«Мен бүгін гір көтеру жарысына қатыстым. Осындай маңызды күні ұлттық спорттық шаралар ұйымдастырылғаны өте дұрыс шешім болды. Бұл шаралар біздің көңіл-күйімізді көтеріп, елдегі бірлік пен ынтымақты арттыра түседі», – деді жарысқа қатысушы тұрғындардың бірі.
Тұрғындар ұлттық ойындар арқылы бір-бірімен жақын араласып, саяси науқанды ерекше мерекеге айналдыруда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







