Қонаев қаласындағы ASP ARENA алаңында Қазақстан мен Дания арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтерген ауқымды бизнес-форум өтті. Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссеннің елімізге ресми сапары аясында ұйымдастырылған алқалы жиын қос мемлекет арасындағы инвестициялық әріптестікті кеңейтуге серпін берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Алматы облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен өткен жиынға мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтердің өкілдері, Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ Данияның жетекші трансұлттық компанияларының басшылары қатысты. Келіссөздер алаңында логистика, фармацевтика, су технологиялары, жаңартылатын энергетика, өндірісті жергіліктендіру және агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту мәселелері талқыланды.
Боралдайдағы зауыт: 344 миллион долларлық инвестиция
Бизнес-форуммен тұспа-тұс Алматы облысының Боралдай кентінде халықаралық деңгейдегі өндіріс орнының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Данияның Сыртқы істер министрінің қатысуымен Carlsberg Kazakhstan компаниясының сусын шығаратын жаңа зауыты іске қосылды.
Кәсіпорын PepsiCo және Pepsi Lipton International брендтерінің өнімдерін шығаруға маманданған. Жобаның негізгі көрсеткіштері нарық үшін айтарлықтай салмақты:
Жобаға салынған тікелей инвестиция көлемі – 344 миллион АҚШ доллары;
Жоспарланған жылдық өндірістік қуаттылығы – 1 миллиард литрге дейін сусын;
Өндіріске қажетті шикізат пен материалдардың (арпа, бидай, алюминий құтылар, шыны мен пластик ыдыстар, картон қаптамалар) шамамен 80 пайызы тікелей отандық нарықтан сатып алынады.
Даниялық алпауыт Қазақстан нарығында 1998 жылдан бері қызмет етіп келеді және осы уақыт ішінде ел экономикасына 640 миллион доллардан астам қаржы құйған. Соңғы онжылдықта өндірістегі экологиялық көрсеткіштер де жаңартылып, су тұтыну 42 пайызға, электр қуатын пайдалану 50 пайыздан астамға қысқарған. Бүгінде сыра нарығының 35,2 пайызын иеленген кәсіпорын енді көпсалалы сусын платформасына айналып отыр.

Дания дипломатиясының бағасы: Неліктен Қазақстан?
Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен форум барысында әлемдегі күрделі геосаяси жағдай аясында сенімді серіктес табудың маңызы артқанын атап өтті. Оның пайымдауынша, жаһандық сауда тізбектері бұзылған шақта Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстанның рөлі ерекшеленіп отыр.
Шетелдік министр жаңа өндіріс орындарының ашылуын екі ел арасындағы берік серіктестіктің нақты дәлелі ретінде бағалады.
«Carlsberg компаниясының инвестициясы Дания мен Қазақстан серіктестері бірлесіп жұмыс істегенде қандай нәтижеге қол жеткізуге болатынын нақты көрсетеді. Екі ел арасындағы байланысты нығайту үшін дәл қазіргідей қолайлы кезең бұрын сирек болған. Әлем өте жылдам өзгеріп, геосаяси белгісіздік күшейіп, жеткізу тізбектері қайта қаралуда. Энергетикалық қауіпсіздік стратегиялық мәселеге айналды. Осындай жағдайда компаниялар сенімді әрі қауіпсіз нарық іздейді, ал Қазақстан барған сайын маңызды әріптеске айналып келеді. Сіздер Орталық Азиядағы ең ірі экономикасыздар», – деп атап өтті Ларс Лёкке Расмуссен.
Дания Сыртқы істер министрі өз елінің аумағы Қазақстаннан 60 есе кіші болғанымен, жасыл энергетика, таза су, қалдықтарды тазарту және азық-түлік қауіпсіздігі саласында жаһандық көшбасшы екенін еске салды. Дат технологиясы мен қазақстандық ресурстардың бірігуі қос тарапқа да жаңа мүмкіндіктер есігін ашпақ.
Технология трансфері және желтоқсандағы Астана саммиті
Форум аясында екі елдің машина жасау және іскерлік ұйымдары арасында маңызды ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл құжат өңірлерге дат капиталын тартып, инновациялық тәжірибені енгізудің институционалдық негізін қалады.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев келісімнің жай ғана сауда-саттық емес, нақты өндірістік кооперацияға бағытталғанына назар аударды. Дипломаттың сөзінше, ең басты міндет – шетелдік дайын өнімді импорттау емес, елімізде заманауи өндіріс қуаттарын қалыптастыру.

«Бүгінгі меморандум Қазақстан мен Данияның инвестициялық ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты жүйелі дамытуға бағытталған. Келісім машина жасау саласымен шектелмейді. Мұнда энергетика, өңдеу өнеркәсібі, жасыл технология, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Әсіресе аграрлық секторда мал өнімдерін халықаралық ветеринарлық стандарттарға сәйкестендіру, вакцина өндіру мен астық өңдеуді дамыту қарастырылуда. Негізгі мақсат – құр келіссөзбен шектелмей, өндіріс ашу, технология трансферін жолға қою және жаңа жұмыс орындарын құру», – деді Ардақ Зебешев.
Вице-министр сондай-ақ биылғы желтоқсан айында Астанада өтетін Қазақстан – Дания инвестициялық форумы осы уағдаластықтарды нақты келісімшарттарға айналдыратын басты диалог алаңына айналатынын жеткізді. Онда еліміздің әр облысы дат инвесторларына өз мүмкіндіктерін тікелей таныстырмақ.
Қонаевтағы кездесу Қазақстанның тек шикізаттық бағытпен шектелмей, Еуропаның озық өндірістік державаларымен сапалы әрі терең технологиялық әріптестік құруға көшкенін көрсетті. Солтүстік Еуропа капиталының өңірге келуі жергілікті мамандардың біліктілігін көтеріп, өңдеу саласының экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







