Бүгін Ақтау қаласындағы №240 референдум учаскесінде мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, академик Киікбай Жәулін республикалық референдумда өз таңдауын жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Киікбай Мыңбайұлының айтуынша, референдумға қатысу – әрбір азаматтың парызы және ел дамуының маңызды кезеңдерінің бірі. Ол мұндай саяси науқандарға белсенді қатысу азаматтардың жауапкершілігін айқындайтынын атап өтті. Оның пікірінше, ел тағдырын айқындайтын маңызды шешімдер қабылдауға халықтың тікелей араласуы – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі.
– Әрбір азаматтың мұндай саяси науқанға белсенді қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Бүгін өтіп жатқан референдум – еліміздің болашағын айқындайтын маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан әр азамат дауыс беріп, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосуы тиіс, – деді Киікбай Жәулін.
Қоғам қайраткері референдум халықтың оң өзгерістерге деген ұмтылысын және азаматтық қоғамды нығайтуға деген ниетін көрсететінін атап өтті. Оның пікірінше, әр азаматтың дауыс беруі Қазақстанның келешегі үшін жауапкершілікті арттырып, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.
– Халықтың референдумға қатысуы – қоғамның кемелдігін және әр азаматтың мемлекет алдындағы жауапкершілігін түсінуін көрсетеді. Біз бүгін тек қазіргі міндеттерді ғана емес, болашақ ұрпақтың тағдырын да айқындаймыз. Біздің дауысымыз – Қазақстанның тұрақты дамуы мен гүлденуіне қосқан үлесіміз, – деді қоғам қайраткері.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы тұрғындары бүгін 261 референдум учаскесінде белсенділік танытып, елдің маңызды саяси науқанына белсенді қатысып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







