1920 жылдардан бастап Иран тарихында елдің саяси келбетін түбегейлі өзгерткен екі ерекше кезең болды. Олар Иранның ішкі сипатын ғана емес, сонымен қатар оның әлемдік қауымдастықпен қарым-қатынасын да анықтады. Қазір Ислам республикасы бұрын-соңды болмаған қысымға тап болып, Иран тарихында үшінші маңызды кезең басталуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алғашқы тарихи кезең 1925 жылы Реза хан Пехлевидің таққа отыруымен басталып, 1979 жылғы революциямен аяқталған Пехлеви монархиясының дәуірі. Бұл кезеңде Иранның бет-бейнесі зайырлы, заманауи мемлекет ретінде қалыптасып, Батыс лагерімен тығыз байланыста дамыды.
1948 жылы Израиль мемлекетін алғаш мойындаған елдердің бірі – Иран болатын. Сонымен қатар, ел Парсы шығанағы аймағында АҚШ-тың басты серіктесіне айналып, Батыс нарығына мұнай жеткізді. Шах өз билігінің легитимдігін исламмен емес, ежелгі Парсы империясымен байланыстырып, өзін тарихы исламнан да ертерек басталатын билеушілердің жалғасы ретінде көрсетті.
Алайда заманауи бет-бейне мен империялық айбындылықтың астарында қатаң авторитарлық режим жатты. SAVAK атты құпия полиция ұйымы азаматтардың құқығын бұзып, халықтың наразылығын туғызды. 1978-1979 жылдардағы жаппай наразылықтар басталған кезде, шахтың сыртқы одақтастарының ешбірі көмек көрсетпеді. Осылайша, Пехлеви кезеңі революциямен аяқталды.
Екінші маңызды кезең Аятолла Рухолла Хомейнидің басшылығымен құрылған Ислам Республикасы. Бұл жүйеде ислам қағидалары саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірдің барлық салаларын қамтыды. Ислам республикасы өзінің сыртқы саясатын АҚШ пен Израильге қарсылық негізінде құрып, Таяу Шығыстағы Хезболла, Хамас сияқты ұйымдарға қолдау көрсетіп отырды.
Экономикалық саясатта ел Қытай үлгісіне ұқсас бағытты ұстанды авторитарлық билік пен мемлекеттік басқарудағы экономика. Бұл саясат елге көптеген санкциялар мен экономикалық қиындықтар әкелді. Соның салдарынан елдің аймақтық ықпалы азайып, экономика дағдарысқа ұшырады.
Бүгінде Ислам республикасы бұрынғыдай мықты революциялық күш емес. Соңғы жиырма жылда орын алған жаппай наразылықтар биліктің қоғаммен арасындағы байланысты әлсіретті. Елдің аймақтық ықпалы төмендеп, ядролық бағдарламасы халықаралық шиеленістерге әкеліп отыр.
Иранның алдағы даму жолына қатысты бірнеше сценарий бар. Ел қазіргі түрінде сақталуы мүмкін немесе ішкі өзгерістер арқылы реформаланған исламдық жүйе қалыптасуы мүмкін. Бірақ ол үшін саяси элитаның келісімге келуге дайындығы мен оппозицияның жауапкершілігі қажет.
Үшінші, тұрақсыз сценарий де жоққа шығарылмайды – ел ішінде этникалық топтар арасындағы қақтығыс, биліктің бөлшектенуі мен тұрақсыздық. Себебі Иранда парсы, әзірбайжан, күрд, араб және белуджи секілді этникалық топтар бірге өмір сүреді.
Иранның жаңа тарихи кезеңі сыртқы күштер мен ішкі жағдайлардың, билік пен оппозиция арасындағы өзара қақтығыстардан қалыптасады. Бұл кезеңнің нәтижесі ирандықтар үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де маңызды әрі белгісіз.
Сарапшылар Ирандағы соғыстың экологиялық зардаптары алдағы ондаған жыл бойы сезілуі мүмкін екенін жазып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







