Қазақстанда доллар бағамы жыл басындағы болжамнан әлдеқайда төмен түсті. Бұған тек мұнайдың қымбаттауы емес, Ұлттық банктің қатаң саясаты мен теңгеге ағылған қысқа мерзімді капитал әсер етіп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2025 жылдың соңында бірқатар сарапшы 2026 жылы доллар 560–580 теңгеге дейін баруы мүмкін деп болжаған-тұғын. Алайда 30 сәуірдегі жағдай бойынша америкалық валюта 463,3 теңге шамасында саудаланды. Ал Brent мұнайы бір сәтте барреліне 126 долларға дейін көтеріліп, соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.
Форсбпен пікірлескен экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, теңгенің күшеюіне ең алдымен Ұлттық банктің қатаң ақша-несие саясаты ықпал еткен. Базалық мөлшерлеменің 18 пайызға дейін көтерілуі нарыққа «инфляциямен күрес бірінші орынға шықты» деген нақты белгі берген.
Теңге неге күшейді?
Бейсембаевтың сөзінше, жоғары мөлшерлеме теңгедегі активтерді тартымды етті. Ірі инвесторлар теңгеге қызыға бастады. Елге қысқа мерзімді табыс іздеген капитал да кірді. Мұндай қаржы ұзаққа байланбайды, пайда көрсе кіреді, жағдай өзгерсе тез шығып кетуі мүмкін.
Экономист мұны қарапайым тізбекпен түсіндіреді: жоғары ставка теңгеге сұранысты арттырады, теңге күшейеді, импорт арзандайды, соның әсерінен инфляция баяулайды.
Мұнай бағасының өсуі де теңгеге дем берген. Бірақ сарапшы мұны басты себеп деп санамайды. Өйткені теңге мұнай күрт қымбаттамай тұрып-ақ нығая бастаған.
Күшті теңгенің көлеңкесі бар
Доллардың арзандауы сіз бен біз секілд қарапайым тұтынушыға жақсы жаңалық сияқты көрінеді. Импорт тауарлары арзандауы мүмкін, баға қысымы бәсеңдейді. Бірақ экономика үшін мұның екінші жағы бар.
2026 жылғы бюджетте доллар бағамы шамамен 540 теңге деңгейінде есептелген. Қазір бағам одан әлдеқайда төмен. Демек, мемлекет экспорттан түсетін валютаны теңгеге шаққанда аз алады. Мұнай қымбат болса да, күшті теңге бюджет кірісіне қысым түсіруі мүмкін.
Экспорттаушыларға да оңай емес. Ауыл шаруашылығы өнімін немесе басқа тауарды сыртқа сататын компаниялар табысты валютада алады. Бірақ оны теңгеге айналдырғанда бұрынғыдан аз түсім көреді. Соның салдары салық түсіміне де әсер етуі ықтимал.
Қай бағам қолайлы?
Арман Бейсембаев теңге тым әлсіз де, тым күшті де болмауы керек деп пайымдайды. Оның пікірінше, экономика үшін ең маңыздысы бағамның болжамды әрі тұрақты болуы.
Сарапшы доллардың 500–520 теңге аралығын «жайлы дәліз» деп отыр. Өйткені күрт нығаю да, кейінгі күрт әлсіреу де бизнеске, бюджетке және нарыққа соққы болып тиеді.
Ал теңгенің алдағы бағыты бас банкир Тимур Сүлейменовтың шешіміне байланысты болмақ. Егер реттеуші базалық мөлшерлемені төмендету туралы белгі бере бастаса, теңгенің күшеюі баяулауы мүмкін. Ал тым асығыс қадам жасалса, елге кірген қысқа мерзімді капитал тез шығып, доллар қайта қымбаттауы ғажап емес.
Әзір теңгенің аяқ алысы нық. Алайда басты күмән сейілген жоқ. Қазіргі қарқын ұзаққа созыла ма, әлде нарық кезекті тосын сценарийге дайындалып жатыр ма?
Бұлай деуіміз тегін емес. Елімізде өткен жылы hot money (ыстық ақша) ағыны күрт көбейген. Сүлейменов? Бұған Ұлттық банктің жоғары базалық ставкасы себеп болған. Шетелдік инвесторлар осы мүмкіндікті мүлт жібермей, теңгедегі бағалы қағаздарға миллиардтап қаржы салған. Сарапшылар осы қаржы ағымының қауіпті екенін ескертіп отыр. Толығырақ осы тұста.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







