Астананың Байқоңыр ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында кешенді жөндеуден өткен үш аула тұрғын игілігіне берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңартылған аула кеңістіктері Республика даңғылы, 16, 18 және Отырар көшесі, 18 мекенжайларында орналасқан. Көпқабатты үйлердің арасындағы күнделікті тіршілік өтетін орындар енді балаларға ойын, жастарға спорт, үлкендерге тынығу алаңы ретінде қайта бейімделді.
Аталған аумақта балалар ойын алаңы жаңартылып, шағын сәулеттік формалар мен жаттығу құрылғылары орнатылды. Асфальт жабыны толық ауыстырылып, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалуына жағдай жасалды. Жөндеу жұмысы жаз маусымы басталар алдында аяқталып, дәстүрлі Аула күнімен тұспа-тұс келді.
Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманбердінің айтуынша, 2026 жылы ауданда аула кеңістігін жаңғыртуға арналған ауқымды бағдарлама іске асырылады.
Биыл аудан аумағында жаңадан 20 аула ашу жоспарланған. Онда жабын, шағын сәулеттік формалар, спорт алаңы, орындық, қоршау және асфальт толық жаңартылады. Бұған қоса, тағы 50 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі.
«Осылайша, аудан бойынша аулаларды жөндеу қажеттілігін толық жабамыз», деді Талғат Рахманберді.
Соңғы үш жылда Байқоңыр ауданында 252 ауланың 200-ден астамы жөндеуден өткен. Аталған көрсеткіш аудан ішіндегі абаттандыру жұмысының жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын аңғартады. Қала үшін аула жай ғана үй маңындағы алаң емес, тұрғындардың күнделікті қарым-қатынасы, балалардың қауіпсіз ойыны, үлкендердің еркін тынығуы қалыптасатын әлеуметтік кеңістікке айналып отыр.
Байқоңырдағы жаңа тыныс
Аудан әкімінің сөзінше, жөндеу жұмысы мүмкіндігінше жазғы демалыс басталғанға дейін аяқталады. Себебі жылы мезгілде балалар, ата-аналар мен қарттар уақытын көбіне аулада өткізеді. Ал жаңартылған аулаларды ашу тұрғындардың өздері ұйымдастыратын мерекелік шарамен қатар өтеді.
«Мерекелік іс-шара – тұрғындардың бастамасы. Олар аниматорларды шақырып, түрлі шара ұйымдастырып отыр. Ал біз атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсетеміз», деді Талғат Рахманберді.

Әкімдік мәліметінше, абаттандыру жобасы тұрғындардың тікелей қатысуымен «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы әзірленеді. Байқоңыр ауданының тұрғындары 1 наурызға дейін өз ұсыныстарын жолдап, болашақ ауланың эскизі мен сметасын ұсынған.
Аула жөндеу ісіндегі осындай тәсіл қалалық басқару мәдениетін де өзгертеді. Тұрғын өзіне қажет кеңістікті өзі ұсынады, әкімдік соны нақты жобаға айналдырады.
Нәтижесінде ауладағы орындық, ойын алаңы, спорт құрылғысы немесе қоршау кездейсоқ қойылған элемент ретінде емес, сол маңда тұратын халықтың күнделікті қажетіне сай жасалған орта болып қалыптасады.
Байқоңыр ауданындағы үш ауланың жаңаруы Бірлік күні қарсаңындағы символдық оқиғаға айналды. Себебі қаланың шынайы бірлігі үлкен мінберден ғана көрінбейді. Ол балалар ойнайтын қауіпсіз алаңнан, көршімен амандасатын орындықтан, кешкі серуенге шыққан ата-ананың жайлы жолынан да байқалады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







