Алматы облысының Кеген ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен «Парктер шеруі – 2026» табиғатты қорғау науқаны аясында ауқымды экологиялық шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Игі іске ауыл тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ұлттық парк мамандары жұмылды. Жалпы саны 1000-ға жуық адам қатысқан шара барысында 5100 түп ағаш отырғызылды. Кеген жұрты үшін аталған бастама жай сенбілік деңгейіндегі жұмыс қана емес, ауданның келешек келбетін қалыптастыратын ортақ еңбекке айналды.
Көшет егілген 7 гектар аумақ толық қоршалған. Мамандар жергілікті климатқа төзімді ағаш түрін арнайы таңдаған. Атап айтқанда, аққайың, қарағай, шырша және терек көшеті отырғызылды.
Алдағы уақытта аумаққа ұзындығы 2000 метр болатын тамшылатып суару жүйесі тартылады. Жасыл желектің жерсініп кетуі үшін мамандар екі жыл бойы күтіп-баптау жұмысын жүргізеді.

Кегеннің кіреберіс аумағы тек ағаш егілген кеңістік ретінде қалып қоймайды. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолы мен велосипед жолы салынып, жарық шамдары орнатылады. Яғни аудан қақпасы тұрғын серуендейтін, қонақ көз тоқтататын, турист тоқтап тамашалайтын шағын рекреациялық аймаққа айналмақ.
Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыс Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен қолға алынған. Аудан басшысы халықтың белсенділігіне ерекше тоқталып, табиғатты аялау мәдениеті ортақ іске айналғанын айтты.
– Халық болып, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біркісідей атсалысты. Басты мақсатымыз елімізді көркейтіп, табиғатты аялауға баулу. Экологиялық шаралар мұнымен тоқтамайды. Биыл ауданда 15 мыңнан астам ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз, – деді Нұрбақыт Теңізбаев.
Шараға қатысқан тұрғын Рақым Есімбаев та осындай бастаманың тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді. Оның сөзінше, ағаш егу жастарға табиғатқа жанашыр болуды үйретеді. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық сөзі осындай сәтте нақты іске айналады. Ауыл халқының ауызбіршілік танытып, туған жерді көркейтуге бірге атсалысуы өңірдің қоғамдық өміріндегі маңызды көрініс болды.
Экологиялық бастамаға өңірде жүн мен тері өңдеу зауытын салып жатқан «MERGEN HOLDING» ЖШС де қолдау білдірді. Компания өз қаражаты есебінен 2 гектар жерге 2000 түп калифорния терегін егуді жоспарлап отыр. Кәсіпорынның аталған іске қатысуы бизнестің әлеуметтік жауапкершілік бағытына да мән бере бастағанын көрсетеді.
Жалпы, Кегендегі көгалдандыру жұмысы ауданның табиғи келбетін жаңартуға бағытталған нақты қадам саналады. Бір күнде егілген мыңдаған көшет ертең саялы ортаға айналса, ауыл тұрғындары үшін жайлы демалыс орны, ал ауданға келген турист үшін көрікті нысан қалыптасады. Табиғатты қорғау осындай қарапайым еңбектен басталады. Кегендегі бүгінгі жұмыс соның айқын көрінісі болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







