Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.
«Кеше жалпыұлттық референдумда азаматтарымыз белсенділік танытып, нағыз патриотизм үлгісін көрсетті. Халық мемлекет басшысының ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына қолдау білдірді. Барлығымыз тарихи маңызы зор оқиғаның тікелей қатысушысына айналдық. Президент айтқандай, қазақстандықтар елді әрі қарай жаңғыртуға дауыс беріп, мемлекеттілігімізді нығайтуға үлес қосты», – деді премьер-министр.
Олжас Бектеновтың айтуынша, әділетті және прогрессивті Қазақстанның жаңа тарихы демократиялық құндылықтармен қатар ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізге деген құрметке негізделеді.
«Барша қазақстандықтарды ел бірлігі мен тәуелсіздігінің, егемендігінің айғағы болған жаңа Конституцияның қабылдануымен шын жүректен құттықтаймын! Бірлескен күш-жігердің арқасында алдымызға қойған мақсаттарымызға жетіп, қолға алынған реформаларды сапалы әрі қарқынды жүзеге асыратынымызға сенімдімін», – деп түйіндеді ол.
Айта кетелік, бұған дейін президент Тоқаев 1995 жылы қабылданған Конституция өз міндетін абыроймен атқарғанын мәлімдеген.
«Еліміз сол құжат бойынша 35 жыл өмір сүрді, бірақ уақыт талабы өзгерді. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдау сәті туды», — деген еді Мемлекет басшысы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







