Кубада жалпыұлттық деңгейдегі электр қуатының толық тоқтауы орын алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
16 наурыз күні Кубаның мемлекеттік электр желісі операторы UNE аралдың тұтас аумағында, яғни шамамен 10 миллион адам электр жарығынсыз қалғанын хабарлады.
Компанияның мәлімдеуінше, қазіргі таңда электр жүйесін қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданып жатыр. Reuters агенттігі бұл оқиғаға дейін елде электр қуаты бірнеше рет үзілгенін еске салды. Кейбір аудандарда халық тіпті бірнеше тәулік бойы жарықсыз отырған.
Осының салдарынан 14-15 наурыз күндері Кубада жаппай наразылықтар басталды. Кейбір қалаларда қарсылық білдірушілер көшедегі тәртіпсіздіктерге ұласқан. 14 наурызға қараған түні Морон қаласында демонстранттар биліктегі Коммунистік партияның жергілікті штаб-пәтеріне шабуыл жасады.
Энергетикалық дағдарыстың күшеюіне АҚШ-тың Кубаға қарсы жариялаған мұнай блокадасы себеп болды. Өйткені елдегі энергетика негізінен ескі мұнай электр станцияларына тәуелді. Бұған дейін Кубаға мұнай жеткізетін негізгі ел Венесуэла болатын. Алайда биыл қаңтарда АҚШ Венесуэлаға әскери операция жүргізіп, ел басшысы Николас Мадуроны қолға түсірген соң Каракас Кубаға мұнай тасымалын толық тоқтатты.
Вашингтон Кубаға мұнай сатуға тырысатын басқа мемлекеттерге де кедендік салықты арттыратынын мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғыс және Мадуро режимін құлатудан кейінгі кезектегі нысан Куба болатынын ашық айтты.
Ақпан айының басында Куба президенті Мигель Диас-Канель АҚШ блокадасын «фашистік, қылмыстық және геноцидке бағытталған әрекет» деп қатаң сынаған еді. Дегенмен, 13 наурызда ол Кубаның АҚШ-пен энергетикалық дағдарысты реттеу мақсатында келіссөздер жүргізе бастағанын алғаш рет ресми түрде мойындады.
Ал 16 наурыз күні NBC News телеарнасына берген сұхбатында Кубаның вице-премьері Оскар Перес-Олива елдің АҚШ-тағы компаниялармен, сондай-ақ АҚШ-та тұратын кубалықтар мен олардың ұрпақтарымен икемді сауда қатынасына дайын екенін жеткізді.
16 сәуір күні The New York Times газетінің жазуынша, Дональд Трамп журналистермен әңгімесінде «Кубаны өз бақылауына алу құрметіне ие болатынын» мәлімдеді. «Кубаны алу, яғни оны азат ету. Қазір бұл ел әбден әлсіреген, мен онымен қалағанымды жасай аламын», – деді Ақ үй басшысы.
Әлеуметтік желіде «Қытайдың Нострадамусы» деген атпен танымал профессор Цзян Сюэцин сайтымызда АҚШ пен Иран арасындағы соғыстың қалай аяқталатынын болжады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







