Израиль қарулы күштері Иранның «Басидж» ерікті әскерінің басшысы, бригадалық генерал Голамреза Сулейманиді жойғанын мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
62 жастағы Сулеймани соңғы алты жыл бойы ел ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін аса ықпалды күштерге басшылық етті. Оның әскери мансабы 1980-1988 жылдардағы Иран-Ирак соғысының алғы шебінен басталып, бірқатар маңызды операцияларға қатысқан.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кацтың айтуынша, бұл шабуыл кезінде Иранның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы кеңесінің хатшысы Әли Лариджани де қаза тапқан. Алайда ресми Тегеран бұл ақпаратты әлі растаған жоқ.
Голамреза Сулеймани Иранның ішкі саяси жүйесіндегі маңызды тұлғалардың бірі еді. 2019 жылы ол елдегі ең ірі ерікті әскери құрылым «Басидж» күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Бұл ұйым 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін құрылып, ел ішінде тәртіпті сақтау, үкіметке қарсы наразылықтарды басу миссиясын орындап келді.
Оның басқаруындағы «Басидж» 2019 жылы ел аумағында болған жаппай наразылықтарды күшпен басқан кезде әлемдік қоғамдастықтың назарын аударды. Осыған байланысты 2021 жылы Еуропалық Одақ Сулейманиге қарсы санкциялар енгізген болатын.
Генерал Сулейманидің қазасы соңғы апталарда өршіп бара жатқан Иран-Израиль қақтығысының шиеленісуіне себеп болды. Иран билігінің жоғары әскери-саяси эшелонына жасалған ең ауыр соққының бірі. Өйткені бұған дейін, 28 ақпанда басталған Израиль-АҚШ әскери операциясы кезінде Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи мен оның бірқатар жақын серіктері қаза тапқан болатын.
Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға Иран үшін үлкен саяси және әскери сын болмақ. Өйткені генерал Сулеймани ішкі тәртіпті қамтамасыз ететін негізгі тұлға еді. Оның өлімі Иранның саяси жүйесіне және ел ішіндегі жағдайға кері әсер етуі мүмкін.
Иран тарапы әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен, әскери сарапшылар Тегеранның қарымта жауап беру ықтималдығы жоғары екенін ескертеді.
Бұл жағдай Таяу Шығыстағы қақтығыстарды жаңа қауіпті кезеңге көтеріп, өңірдегі ахуалды одан әрі тұрақсыздандыруы мүмкін.
Әлеуметтік желіде «Қытайдың Нострадамусы» деген атпен танымал профессор Цзян Сюэцин сайтымызда АҚШ пен Иран арасындағы соғыстың қалай аяқталатынын болжады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







