Күн панельдері сарқылмайтын қуат көзі болғанымен, олардың да белгілі бір уақытқа дейін жұмыс істейтін ресурсы бар, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әдетте күн панельдерінің қызмет ету мерзімі 25-30 жыл немесе одан да көп уақытқа жетеді. Дегенмен, кез келген технология секілді, уақыт өте келе олардың тиімділігі біртіндеп төмендей бастайды. Мамандар бұл процесті «деградация» деп атайды.
Жалпы алғанда, заманауи күн панельдері жылына орта есеппен 0,5% қуатын жоғалтады. Әрине, бұл көрсеткіш панельдердің маркасы, сапасы, орнатылған жердің ауа райы жағдайы және техникалық қызмет көрсетудің жиілігіне байланысты өзгеріп отырады. Яғни, күн панельдері кенеттен жұмысын тоқтатпаса да, олардың энергия өндіру қабілеті уақыт өте баяу кемиді.
25 жылдан кейін көптеген панельдер бастапқы қуатының шамамен 88-93%-ын сақтап қалады. Панель өндірушілердің басым бөлігі осы мерзім ішінде белгілі бір тиімділік деңгейіне кепілдік береді.
Күн панельдерінің қызмет ету мерзімін ұзартып, өнімділігін барынша жоғары деңгейде сақтау үшін оларды тұрақты түрде күтіп ұстау қажет. Панельдердің бетін таза ұстау, яғни шаң-тозаңнан, жапырақтардан және құстардың қалдықтарынан тазартып тұру аса маңызды.
Бұл элементтер панельге түсетін күн сәулесін бөгеп, өндірілетін энергия көлемін айтарлықтай төмендетеді. Кейбір аймақтарда бұл мәселені табиғи жолмен жауған жаңбыр шешеді, бірақ панельдерді жылына бір-екі рет қолмен тазарту да артықтық етпейді.
Көптеген үй иелері панельдерге жалғанған сымдардың, бекіткіштердің және инверторлардың жағдайын бірнеше жылда бір рет кәсіби мамандарға тексертіп отырады. Бұл панельдердің ұзақ уақыт бойы жоғары тиімділікпен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, әлемнің әр түкпірінде ғалымдар күн панельдерінің тиімділігін арттыру бойынша үздіксіз зерттеулер жүргізуде. Мәселен, Германияда зерттеушілер жаңа, аса жұқа кристалдар негізіндегі күн панельдерін жасап шығарды. Бұл технология күн энергиясын қазіргі панельдерден мың есе тиімдірек түрлендіруге қабілетті болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта электромобильдер кең таралғанымен, олардың өрт қауіпсіздігіне қатысты кейбір мәселелер бар. Әсіресе, электромобиль батареясының өртенуі қарапайым көліктерге қарағанда әлдеқайда көп суды қажет етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







