Күні кеше ғана Біріккен Араб Әмірліктеріндегі стратегиялық маңызы жоғары Фуджейра портында жаңа соққылардан кейін мұнай жөнелту толық тоқтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аталған порт Әмірліктердің Ормуз бұғазын айналып өтетін жалғыз экспорттық бағыты еді. Соңғы шабуылдан кейін бұл арна уақытша істен шығып, аймақтағы энергетикалық логистикаға елеулі қысым түсті.
Соңғы апталарда Таяу Шығыстан жеткізілетін мұнай көлемінің азаюы Еуропа мен Жерорта теңізі аймағындағы мұнай өңдеу зауыттарына әсер етті. Шикізат тапшылығы күшейіп, балама көздерге сұраныс артты.
Осы жағдай аясында Каспий мұнайы нарықта айрықша бағалана бастады. CPC Blend маркалы мұнай партиялары наурыз-сәуір айларына жеткізіліммен Brent эталонына қатысты барреліне 1-2 доллар үстеме бағамен сатылды.
Ал жеңіл санаттағы Azeri BTC мұнайы одан да жоғары сұранысқа ие болып, барреліне 5–6 доллар көлемінде премиямен саудаланған.
CPC Blend құрамының негізін Қазақстанның ірі кен орындары – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнайы құрайды. Сондықтан қазіргі геосаяси жағдай Қазақстан мұнайының әлемдік нарықтағы маңызын күшейтіп отыр.
Фуджейрадағы инфрақұрылымның уақытша тоқтауы Ормуз бұғазының маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Аймақтағы кез келген тұрақсыздық жаһандық энергетикалық теңгерімге тікелей әсер ететіні байқалып отыр.
Сарапшылардың бағалауынша, Таяу Шығыстағы шиеленіс сақталған жағдайда Каспий мұнайына сұраныс жоғары деңгейде қала беруі мүмкін.
Айтқандай, Иранның соңғы әрекеттері аймақтағы елдердің АҚШ әскери операцияларды соңына дейін жеткізуге итермелей бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







