Қазақстанда көлік тізгіндеген жүргізушілердің жолда келе жатып телефон пайдаланатын әдеті тыйылмай тұр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Ішкі істерге қарасты Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова мәлімдеді. Оның айтуынша, жол қозғалысы ережесінде көлік жүргізу барысында телефонды қолға алып пайдалануға қатаң тыйым салынған. Тек арнайы құлаққап немесе дауыс зорайтқыш (громкая связь) арқылы сөйлесуге рұқсат етіледі.
«Телефонды магниттік ұстағышқа бекітіп қоюға тыйым салынады деген пікір қате. Егер телефон магнитті бекіткіште тұрса және жүргізуші оған қол тигізбей-ақ қарап отырса, заң бұзушылық болмайды. Ал рөлде отырып телефонды қолға алып, хабарлама жазу немесе қоңырау шалу тікелей заң бұзу болып есептеледі», – деді Боранова «Түскі формат» бағдарламасында.
Оның атап өткеніндей, рөлде телефон ұстаған жүргізуші көбіне-көп жол апатының себепкері болады. Назарын бір секундқа басқа жаққа аударғанның өзі қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін. Сол себепті жүргізушілерге тек арнайы hands-free жүйесі арқылы ғана байланысуға рұқсат етіледі.
Бұдан былай көлік тізгінінде отырып ұялы телефон пайдаланған жүргізушіге 5 АЕК көлемінде, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады.
12 наурыздан бастап мұндай құқық бұзушылықты тек полиция қызметкерлері ғана емес, жол бойындағы автоматты камералар да тіркей бастады. Осылайша, рөлдеші телефон енді көзге түспей қалатын ұсақ тәртіп бұзушылық саналмайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







