Көп адам ноутбукті қуаттандыратын сым ортасында тұрған «қорапшаға» мән бере бермейді. Бірақ дәл сол бөлік болмаса, құрылғы мүлде қуатталмас еді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл элементтің ресми атауы адаптер. Оның негізгі міндеті розеткадан келетін электр қуатын ноутбукке қауіпсіз әрі қолайлы форматқа айналдыру.
Үйдегі электр желісінен келетін ток айнымалы ток (AC). Ал ноутбук батареясы тұрақты токпен (DC) жұмыс істейді. Осы екі жүйе бір-біріне сәйкес келмейді. Егер ноутбукты тікелей розеткаға қосса, ол қажетті кернеуді ала алмайды әрі құрылғыға зиян келуі мүмкін.
Дәл осы жерде адаптердің рөлі басталады. Ол айнымалы токты тұрақты токқа айналдырып, кернеуді реттейді. Яғни, розеткадан келген энергияны ноутбук қабылдай алатын деңгейге дейін «жұмсартады».
Адаптердің сымның ортасында орналасуы да кездейсоқ емес. Егер бұл блок ноутбуктың ішінде болса, құрылғы ауырлап, қызып, ішкі кеңістікті тарылтар еді. Қазіргі ноутбуктардың жұқа әрі жеңіл болуының бір себебі – осы адаптердің сыртта орналасуы.
Қуаттау технологиялары да өзгеріп жатыр. Қазір USB-C арқылы зарядталатын ноутбуктар көбейіп келеді. Мұндай жүйе кернеу мен токты автоматты түрде реттеп, түрлі құрылғыларды бір кабельмен қуаттауға мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл стандарт барлық модельге бірдей қолданылмайды. Көптеген құрылғы әлі де дәстүрлі адаптерге тәуелді.
Ноутбукке тұрақты ток неге қажет деген сұрақ та маңызды. Айнымалы ток алыс қашықтыққа жеткізуге ыңғайлы болғанымен, оның толқынды табиғаты электрондық құрылғыларға тұрақты жұмыс бермейді. Ал тұрақты ток – бір бағытта жүретін, тұрақты кернеу беретін жүйе. Сондықтан батареялар дәл осы ток түрімен жұмыс істейді.
Қарапайым көрінетін осы «қорапша» ноутбуктың қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуінің негізгі элементі. Ол электр энергиясын сүзгіден өткізіп, құрылғыны қорғайды және тұрақты қуат береді.
Сондықтан келесі жолы зарядтағышты қолға алған кезде, оның ең маңызды бөлігі көзге түспейтін осы адаптер екенін естен шығармаған жөн.
Үйдегі интернеттің баяулауы көп жағдайда бір ғана себептен болмайды. Видеоның тұрып қалуы, сайттардың баяу ашылуы немесе байланыс үзіліп кетуі әртүрлі факторлардың белгісі болуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







