Алматы облысында биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында жалпы құны 44,6 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Сонымен қатар, олар аграрлық сектордағы өңдеу үлесін арттырып, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, агросалаға инвестиция тарту – өңірдегі негізгі басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта мемлекеттік қолдау тетіктері де белсенді іске қосылған.
Солардың бірі «СҚО тәжірибесімен АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды несиелеу бағдарламасы». Бағдарлама аясында 4 млрд теңге бөлініп, екі жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған «Alfalfa» ЖШС жобасына 1,5 млрд теңге, ал жүгеріні қайта өңдеу өндірісін кеңейту үшін «Азия агро фуд» АҚ-на 2,5 млрд теңге қарастырылған.
2026 жылы осы бағдарлама аясында тағы 5 млрд теңгеге 4 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықовтың айтуынша, бұл бастамалар агросекторды жаңғыртуға серпін береді.
– Іске асатын жобалар өндірістік әлеуетті арттырып, заманауи технологияларды енгізуге жол ашады. Нәтижесінде өнім көлемі ұлғайып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу дамиды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді ол.
Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Инвестицияға тапсырыс» жобасы аясында жалпы құны 708,7 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Өткен жылдың нәтижесі де оң динамиканы көрсетеді. 2025 жылы Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешеніне тартылған инвестиция көлемі 178,2 млрд теңгені құрап, жоспар 145,4 пайызға орындалған. Бастапқыда 122,6 млрд теңге тарту көзделген еді.
Сондай-ақ Жол картасы аясында жалпы құны 29 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылды. Олардың ішінде 9 сүт фермасы, жылыжай кешені, балық шаруашылығы, көкөніс қоймасы, вафель өнімдерін шығаратын зауыт және құс фабрикасы бар.
Бұл көрсеткіштер Алматы облысында агроөнеркәсіп кешені экономиканың тұрақты драйверіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Жүзім өсіруде өнімділікті арттыру үшін арнайы тәсілдер қолданылады. Соның бірі – екі деңгейлі кордон жүйесі. Бұл әдіс қарапайым тілмен айтқанда, бір түп жүзімді жоғары және төмен екі қабатқа бөліп өсіру арқылы көбірек өнім алуға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







