Алматыда электромобильдерге қызмет көрсететін станцияда өрт шықты. Оқиға салдарынан бірнеше көлік жанып кеткен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Куәгерлердің айтуынша, ғимарат ішінде кемінде төрт автокөлік өртенген. Кейін белгілі болғандай, олардың арасында алматылық танымал блогер Алина Лидің көлігі де болған.
Блогер болған жағдай туралы Instagram парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, бұл көлік – ұзақ уақыт бойы жинаған еңбегінің нәтижесі болған.
– 14 жасымнан бастап армандаған көлігіме ақша жинадым. 18 жасымда сатып алдым. Тіпті толық жетпеген соң несие алуға тура келді. Бүгін сол көлік күлге айналды, – деді ол.
Алина алғашында бұл хабарды қалжың деп қабылдағанын айтады. Алайда шындықты білгенде ауыр күй кешкенін жасырмады.
– Бұл менің жылдар бойғы еңбегім. Арманым еді. Бәрі бір сәтте жоқ болды. Өте ауыр, – деді блогер.
Соған қарамастан, ол жағдайға сабырмен қарауға тырысып отырғанын жеткізді. «Ең бастысы – жақындарым аман. Қалғанының бәрін қайта табуға болады», – деп түйіндеді ол.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
Қазіргі уақытта электромобильдер кең таралғанымен, олардың өрт қауіпсіздігіне қатысты кейбір мәселелер бар. Әсіресе, электромобиль батареясының өртенуі қарапайым көліктерге қарағанда әлдеқайда көп суды қажетсінетіні белгілі болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







