Кейде iPhone қолданушылары құпиясөзін ұмытып, құрылғыға кіре алмай қалады. Мұндай жағдайда арнайы қалпына келтіру режимі көмектесе алады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ең алдымен маңызды жайт бұл әдіс құрылғыдағы барлық деректерді өшіреді. Сондықтан алдын ала резервтік көшірме жасау өте қажет.
Егер құпиясөзді ұмытып қалсаңыз, iPhone-ды қалпына келтіру режиміне қосу керек. Ол үшін телефонды компьютерге USB арқылы жалғайсыз. Windows-та Apple Devices қосымшасын, ал Mac-та Finder немесе iTunes қолданасыз.
Қалпына келтіру режиміне кіру әдісі модельге байланысты. iPhone 8 және одан кейінгі модельдерде алдымен дыбыс көтеру, кейін дыбыс азайту батырмасын басып, содан соң бүйірдегі батырманы ұстап тұру қажет. Ал iPhone 7 модельдерінде бүйір және дыбыс азайту батырмасын қатар басасыз. Ескі модельдерде «Home» батырмасы қолданылады.
iOS 17 және одан кейінгі нұсқаларда бұл процесті тікелей телефоннан жасауға болады. Қате құпиясөзді бірнеше рет енгізген соң «iPhone қолжетімсіз» деген жазу шығады. Сол жерден «Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?» дегенді таңдап, құрылғыны өшіру арқылы қалпына келтіруді бастайсыз.
Компьютер арқылы қосылғанда жүйе екі нұсқа ұсынады: «Жаңарту» немесе «Қалпына келтіру». Алдымен «Жаңарту» ұсынылады, бұл жүйені қайта орнатып, деректерді сақтауға мүмкіндік береді. Егер нәтиже болмаса, «Қалпына келтіру» таңдалады – бұл толық тазарту деген сөз.
Процесс аяқталған соң телефон зауыттық күйге қайтарылады. Кейін құрылғыны қайта баптап, резервтік көшірмеден деректерді қалпына келтіруге болады.
Мамандар құпиясөзді ұмытпау үшін оны қауіпсіз жерде сақтауға кеңес береді. Сонымен қатар тұрақты түрде резервтік көшірме жасап отыру қажет. Қарапайым айтқанда, құпиясөзді ұмыту жай ғана қолайсыздық емес, деректерден айырылып қалу қаупі бар жағдай.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







