Алматы облысының денсаулық сақтау саласында үлкен жанжал туындады. Іле аудандық орталық ауруханасының ұжымы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың атына ашық хат жолдап, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бұрын-соңды болмаған қысым көріп отырғанын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, басқарма басшылықты заңсыз түрде ауыстыруға әрекет жасап, өз кандидатурасын лауазымды орынға «күштеп» енгізбек. Жағдай аурухана директоры А.А. Солтанғазиев сырқатына байланысты жұмыста болмаған кезде өршіп кеткен.
Жанжалға 2026 жылдың ақпан айында жүргізілген тексеру себеп болған. Медициналық мекеме қызметкерлерінің айтуынша, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы күмәнді, анонимді шағымдарды негізге алып, аурухананың басшылық қызметіне өз адамын орналастыруға тырысуда.
«Қазіргі директор міндетін атқарушыға қысым көрсетіп, басқарма ұсынған адамды директордың орынбасары қызметіне дереу тағайындау жөнінде құжат рәсімдеуді талап етуде.
Кейін оны басшы етіп бекітпекші. Бұл ма, бұл өрескел заңсыздық. Өйткені, біздің директорымыз Солтанғазиев мырза денсаулығына байланысты демалыста. Ұйымның жарғысына сәйкес, мұндай құжаттарға қол қою құқығы тек соған тиесілі.
Бұған қоса, ұсынылып отырған адамның мамандығы эпидемиолог. Негізгі емдеу ісін басқаруға эпидемиологтың қаншалықты қатысы бар? Мемлекет басшысы айтып жүрген «еститін мемлекет» қағидасына сай, біздің де үнімізді есту қажет», – дейді ұжым өкілдері.
Қызметкерлердің уәжі қандай?
Қызметкерлер қазіргі директордың басшылығымен аурухананың жағдайы айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. Қысқа мерзімде қарыздар толық өтеліп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, халықаралық стандарттар енгізіліп, аурухана бірінші дәрежелі аккредитациядан өткен.
«Солтанғазиев келген күннен бастап аурухана түбегейлі жаңарды: барлық берешек жабылып, жаңа бөлімдер ашылды, хирургия қызметі жанданды. 2025 жылға белгіленген барлық жоспарлы көрсеткіштер орындалды.
Бірақ облыстық басқарма тарапынан қолдау орнына, әлеуметтік желілерде тапсырыспен жазылған қаралау посттары мен жасанды даулар көбейді. Бізді қадағалайтын орган ұжымды қолдап, жұмысты тұрақтандыруы тиіс.
Егер жағдай министрлік деңгейінде шешімін таппаса, біз БАҚ арқылы барлық құжаттарды жария етіп, ашық наразылыққа шығуға дайынбыз», – деп мәлімдеді аурухана қызметкерлері.
Ұжым өз үндеуінде Денсаулық сақтау министрлігінен облыстық басқарманың әрекетіне қатысты тәуелсіз тексеру жүргізіп, аурухананың абыройы мен жұмысын қорғауды сұрап отыр. Сондай-ақ, ресми шағымдар прокуратура мен кәсіподақ ұйымдарына да жолданған.
Айта кетелік, бұған дейін Алматы облысында осыған ұқсас тағы бір оғаш оқиға болған. Артынша облыс әкімінің орынбасары абайламай айтылғаны сөзі үшін елден кешірім сұраған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







