Депутат Мұрат Әбенов Алматыдағы жол қозғалысына қатысты қатаң сын айтып, жантүршігерлік жол апаты болған әл-Фараби көшесінен тікелей эфирге шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутат мегаполисте тәртіп жоқтығын, құқық қорғаушылардың тек қарапайым халыққа ғана айбат көрсетіп, қалталы, ықпалды тұлғалардың заңсыз әрекетіне көз жұма қарайтынын қатаң айыптады.
«Бүтін қаланы дүр сілкіндірген сұмдық трагедия орын алды. Халық кінәлі адам жазадан құтылып кете ме деп қауіптенуде. Қолын қанға малған жүргізуші әлі күнге дейін СИЗО-ға қамалған жоқ. Ауруханада жатыр дейді. Онда не болып жатқанын кім білсін?! Қанынан арап-шарапты шығартып, жауапкершіліктен жалтарудың амалын іздеп жатқан шығар. Алматы полициясы тек қарапайым азаматтарға ғана күші жетеді», – деп ашынды депутат тікелей эфирде.
Әбеновтің айтуынша, Алматыда ақшасы мен байланысы барларға «қой» дейтін қожа жоқ. Айтқандай, тікелей эфирі кезінде қымбат көліктер полицияның көз алдында жоғары жылдамдықпен жүйткіп өткен. Депутаттың пікірінше, әл-Фараби даңғылындағы түнгі форсаждан бүкіл полиция хабардар болса да, ешқандай әрекет жасамай отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Себебі, көлік иелері қалталылар, аға-көкесі мықты. Олар ешкімнен қаймықпайды. Конституция өзгергенімен, бұлар үшін ештеңе өзгермеді. Көліктер көз алдымызда құйындай ұшып өтіп жатыр. Ал жол полициясы соларға қарап тұр», – деді депутат.
Осы орайда…
Мәжілісмен осы орайда Ішкі істер басшысы Ержан Сәденовке жүгініп, парламент қабылдаған заңдардың іс жүзінде тек қарапайым халыққа ғана қолданылатынын айтып, наразылығын білдірді.
«Министр мырза, Алматыға келіп, жағдайды көзбен көріңіз. Мен секілді көшеге шығыңыз. Алматы бетімен кетіп барады. Оңды-солды жарысып жүрген көліктер, тәртіпсіздік. Біз жолға қатысты өте қатаң заңдар қабылдадық. Бірақ бұлар тек қарапайым халыққа қарсы қолданылады. Үш адамның өліміне себепкер болған көлік иесі неге қамауда емес? Камералар неге тек айыппұл салуға жұмыс істейді?», – деп ашынды Мұрат Әбенов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







