Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін жалмаған ауыр апаттың жаңғырығы Астанаға жетті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шұғыл жиын өткізген министр Ержан Сәденов апаттың мән-жайын зерттеп, әділ шешім шығаратын арнайы делегацияны Алматыға жолдапты. Құрамында тәжірибелі мамандар топтасқан делегация Алматының полиция департаментіне қызметтік тексеру жүргізеді.
Апат кезінде камераға түсіп қалған полиция көлігі мен оған заңсыз жапсырылған нөмірге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты тағы бір іс қозғалыпты. Жүргізуші изоляторға қамалған.
Сәденовтың пәрменімен Алматы полициясының бірқатар басшылары жұмыстан қуылған.
«Егер олардың кінәсі дәлелденсе, қызметтен қуылумен шектелмейді. Заң бәріне ортақ!», — дейді Ішкі істер басшысы. Айтқандай, атышулы Zeekr-дің иесінің үстінен ащы судың иісі мүңкіп тұрған.
Бұған дейін заңгер Молдахан Әділетхан әлемжеліде Әл-Фарабидегі апаттың жаңа деректерін жариялаған еді. Қытай көлігімен жарысқан екінші көлікте полиция басшылығының өкілі болғаны айтылуда.
Кейбір ақпарат құралдарының мәлім еткеніндей әлгі оқиғадан кейін Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаев денсаулығына байланысты шұғыл демалысқа шығып кеткен. Дереккөздің мәліметіне сәйкес, ол алдағы уақытта қызметінен кетуі мүмкін.
Аяқасты сырқаттанып қалған Ұзабаевтың артынан Алматы әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Серік Шұмаев қызметінен босатылған. Сондай-ақ Алматы әкімшілік полициясының арнайы батальонында үш взвод командирі және патрульдік полиция полкінің бір рота командирі қызметінен шеттетілген.
Контекст
Еске сала кетсек, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болып, үш адам қаза тапқан болатын. Тергеу анықтаған мәліметке сәйкес, Zeekr маркалы электромобиль жоғары жылдамдықпен келе жатып, қарсы бетке шығып Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы 20 және 22 жастағы бойжеткен қыздар оқиға орнында тіл тартпай кетті. Zeekr жүргізушісі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Денсаулығы жақсарғаннан кейін ол бірден қамауға алынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







