Қазақстанда бүгіннен бастап 1000 мектеп пен колледжде құқық мәдениетіне арналған арнайы сабақтар өте бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жоба Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен кеңейтілген форматта іске қосылды.
Ведомство мәліметінше, бастама әуелі Талғар ауданында пилот ретінде сыналған. Сол кезеңде буллинг пен құқықбұзушылық азайғаны тіркелген соң, тәжірибені ел көлемінде тарату жөнінде шешім қабылданған.
Сабақтарға құқық қорғау саласында қызмет еткен тәжірибелі 600-ден астам тәлімгер тартылған. Олар оқушылармен және студенттермен құқықтық сауат, жауапкершілік, тәртіп пен заңға құрмет тақырыбында жұмыс жүргізеді.
Ең ауқымды қамту Шымкентте байқалған. Онда шамамен 100 білім беру ұйымы қамтылған. Қарағанды облысында 190-нан астам, Павлодар облысында 110-ға жуық оқу орны жобаға қосылған.
Жаңа форматтағы сабақтар әр екі апта сайын өтеді. Министрлік мұндай қадам оқушылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға және құқықтық мәдениетті ерте жастан қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Ал, буллинг деген не? Буллинг — адамды әдейі қорлау, мазақтау, шеттету не қысым көрсету. Көбіне мектепте, ұжымда немесе интернетте болады.
Қысқасы, мектеп ішіндегі тәртіп мәселесін енді тек ескерту не жаза арқылы емес, заңды түсіндіру мен санаға әсер ету арқылы реттеу тетігі күшейіп келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







